Ол демографиялық талдау әзірлеп, онда әртүрлі ұрпақтар буынына жататын заемшылардың ахуалын сараптады. Соның негізінде бүкіл банк секторы активтерінің сапасын, несиелік тәуекелдерін және резервтерінің қауіп-қатерлерге қаншалықты сайма-сай екенін бағалады.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2023 жылдың басында Қазақстанда 18-ден ересек 13 миллион адам болған. Басым көпшілігінің, 53%-ының қолданыстағы қарызы бар.
Тарата айтқанда, олардың мойнындағы кепілсіз тұтынушылық кредиттердің (RETCON) жалпы берешегі 6,9 триллион теңгеге жетіпті.
Ипотекалық кредиттер (RETEST) мен автокредиттер (RETCAR) сомасы – әрқайсысы бойынша 1,6 триллион теңгеге тең болды.
Қаржылық реттеуші бұл соманың бұдан әлдеқайда көп екенін ескертті. Өйткені талдау "Отбасы банк" АҚ-ын қамтымаған, ал бұл мемлекеттік банк аз қамтылған отбасыларға, әскерилерге, әйелдерге және басқасына арналған барлық мемлекеттік ипотекалық бағдарламалардың бас операторы болып табылады.
Оны қоспағанның өзінде қазақстандықтардың жекеменшік банктерге жалпы берешегі 10 триллион теңгеден асты. Сөйтіп, 2022 жылғыдан бірден 3,3 триллион теңгеге артқан.
Талдау қорытындысында белгілі болғанындай, қарыз алып, қайтара алмай қалған жеке тұлғалардың 52%-ы – ер адамдар, 48%-ы – әйелдер болған. Бұл ретте ер адамдар 5 жыл ішінде дефолтқа түскен қарыздар EAD-сінің (DEFAULT EAD) 59%-ын құрады.
Ерлерге қарағанда, нәзік болмыс иелері несиеге ұқыпты қарап, мезгілінде төлеуге тырысатыны байқалады.
"Талдау барысында ерлерге берілген қарыздардың арасында жинақталған кредиттік шығындардың үлесі (3-саты) 10,3%-ды құрайтыны анықталды, ал әйелдерге берілген қарыздар үшін бұл көрсеткіш 7,8%-ға тең. Демек, 3-сатыдағы қарыздардың үлесі арқылы бағаланатын кредит сапасы ерлерге қарағанда әйелдерде жоғары. RETEST портфелінде ерлер қарыздары арасындағы 2 және 3-сатылардағы EAD үлесі әйелдер қарыздары арасындағы ұқсас көрсеткіштен 4 пайыздық тармаққа артық, бұл ретте ерлер арасындағы 1-саты үлесі 8 пайыздық тармаққа төмен", – деп түсіндірді агенттік сарапшылары.
Тиісінше, әйелдерге қарағанда ерлердің кредиттері көбірек кешірілген. Қаржылық реттеу агенттігінің мәліметінше, есептен шығару статистикасында заемдардың саны бойынша да (52%), кешірілген берешектің сомасы бойынша да (59%) еркектер басым түсті. Ендеше банктердің ең жақсы клиенті де нәзік жандылар болып отыр. Кешірілген немесе сомасы азайтылып төленген кредиттер арасында 41 пайызы ғана әйелдерге тиесілі.
Соған қарамастан, банктер сомасы 15 миллион теңгеден асатын ірі кредиттерді ерлерге көбірек береді. 2 миллионға дейінгі ұсақ заемдарда ғана әйелдердің үлесі басым.
Кешірілген несиелердің орташа көлемі ерлерде 545,5 мың теңгені, әйелдерде – 438,3 мың теңгені құрапты.
Әйелдердің дефолт алдындағы қарызы тек ипотека саласында жоғары. Баспананың зілбатпан ауыртпалығын нәзік иығымен жалғыз көтеру оларға еңсеріле бермейтін жүк болса керек.
Ең көп кредит алатын жастағылар анықталды
Ведомство борышкерлерді жас шамасына қарай да бөлді.
Агенттіктің хабарлауынша, Қазақстанда жеке қарыз алушылардың көпшілігін "Миллениалдар" деп аталатын 1982-2000 жылдар аралығында туылған адамдар құрады. Яғни, банктердің негізгі заемшылары да миллениалдар. Бір жақсысы, ғасырлар тоғысында туыс-өскен бұл ұрпақ өзін жауапты тұлға ретінде көрсете алды. Соның арқасында миллениалдардың жалпы кредиттік тарихы, несиелерінің сапасы басқа ұрпақтарға қарағанда жақсы.
Кепілдігі бар қарыздар бойынша дефолттар мен банкроттыққа көбінесе, 1963-1981 жылдар аралығында дүниеге келген Х (икс) ұрпағының қарыз алушылары жол береді. Кредит кешірудің қызығын да солар көбірек көрген екен.
Ал кепілсіз қарыздар бойынша дефолттар статистикасында керісінше, миллениалдар, әсіресе ер адамдар қарасы қалың болып шықты.
1943-1962 жылдар аралығында, соғыстан кейінгі кезеңде өмір есігін ашқан аға ұрпақ, яғни бэби-бумерлер арасында көбіне-көп әйелдер кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша дефолттарға тап болды.
Айтпақшы, жаңа ғасыр басында, 2001-2005 жылдары жарық дүниеге келген Z ұрпақта, ерлері арасында кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша дефолтқа душар болудың алғашқы деректері тіркеліп жатыр. Қарыз алушылар арасында әзірге бұл ұрпақтың қатары шағын.
"Банктерден несие алатындардың негізгі үлесі миллениалдарға тиесілі. Дегенмен, үш портфельдің ең үлкені – RETCON бойынша бэби-бумерлердің, әсіресе әйелдердің үлесі жоғары. Бұл әйелдердің өмір сүру жасының ұзағырақ болуымен түсіндіріледі. Алайда өткен жылмен салыстырғанда бэби-бумерлердің – соғыстан кейінгі жылдары туған ұрпақтың үлесі барлық портфельдер бойынша азайып кетті", – деп тұнжыраңқы жаңалығын бөлісті Қаржылық реттеу агенттігі.
Егжей-тегжейлі тоқтала кетсек, ипотекалық кредиттер (RETEST) бойынша әйелдер арасында:
Бэби-бумерлердің (1943–1962) үлесі – 1,7%;
Х ұрпағының (1963–1981) үлесі – 39,1%;
Миллениалдардың (1982–2000) үлесі – 59,2%.
Ерлер арасында:
Бэби-бумерлердің үлесі – 1,7%;
Х ұрпағының үлесі – 25,7%;
Миллениалдардың үлесі – 72,5%.
Кепілсіз тұтынушылық кредиттер (RETCON) саласында, әйелдердің арасында:
Бэби-бумерлердің үлесі – 9,5%;
Х ұрпағының үлесі – 42,1%;
Миллениалдардың үлесі – 46,9%,
Z ұрпағының (2001–2005) үлесі – 1,5%.
Ерлер арасында:
Бэби-бумерлердің үлесі – 5,8%;
Х ұрпағының үлесі – 34,6%;
Миллениалдардың үлесі – 58%,
Z ұрпағының (2001–2005) үлесі – 1,6%.
Автокредиттер (RETCAR) бойынша қарыз алған әйелдер арасында:
Бэби-бумерлердің үлесі – 2,7%;
Х ұрпағының үлесі – 45,7%;
Миллениалдардың үлесі – 51,6%.
Ерлер арасында:
Бэби-бумерлердің үлесі – 2,8%;
Х ұрпағының үлесі – 38,6%;
Миллениалдардың үлесі – 58,5%.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тосын жайтты жария етті. Елімізде ең көп кредит алған рекордсмендер анықталды. Дербес құпияны ашпау үшін ведомство ол кісілердің атын атамады. Бір белгілісі, әйелдер арасындағы рекордшының басындағы несиелерінің саны еркектер арасындағы рекордшыдан екі еседей асып түсті.
"Орташа алғанда, Қазақстанда ерлер мен әйелдер 2 қарыздан алады. Алайда әйелдер негізінен, өздеріне ұсақ қарыздарды көп ресімдейді. 2023 жылы бір ғана ер адам алған қарыздардың ең көп саны – 69 заемды құрады. Бұл алдыңғы жылғы ең көп қарыз алған ер адамнан 10 несиеге кем. Ал әйелдер арасында ең көп қарыз алған адам өзгермей қалды және ол 116 заемға ие", – деп мәлім етті агенттік мамандары.
Ерлер де, әйелдер де көп жағдайда тек 1 банктен кредит алуды жөн көреді. Мәселен, әйелдер мен ерлердің шамамен 64%-ы тек бір банктің алдында қарыз. Әйелдер мен ерлердің екі банктегі кредиттері бар үлесі шамамен – 26%. 3 банкке берешек болып қалған әйелдер мен ерлердің үлесі шамамен – 8%.
Ипотека, кепілзаты қойылған несиелер және өзге кепілсіз кредиттер арасында әйелдердің 95,1%-ы – қарыздың тек 1 түрін, 4,8%-ы – 2 түрін иеленген. Ерлердің 93,5%-ы – 1, ал 6,3%-ы – 2 түрі үшін қарыз алған.
Жалпы, қарыз алушылар саны да, берешектің көлемі де алда тек арта беретінге ұқсайды. Қаржылық реттеуші жаңа ғасырда туған Z ұрпақтың қарыз алуды енді ғана бастағанын айтып отыр. Әлеуметтанушы, психологтардың байламынша, "зумерлер" селсоқ, жауапсыздау, сауатсыздау, әлеуметтік желіге тәуелді, Айфон мен сыртқы жылтыраққа үйір буын саналады. Олардың статистиканы бүлдірмесіне, борышқа белшесінен батпасына кепіл жоқ.
"Кейінгі жылдары Қазақстан халқының шектен тыс көп кредит алуы проблемаға айналды. Бір басында ондаған несиесі бар адамдар пайда болды. Сондықтан мемлекет банктердің халықты қарыз алуға ынталандыруына тыйым салғаны жөн деп санаймын. Бүгінде барлық адамның ұялы телефонында банктердің қосымшалары орнатылған. Солардан жылдам заем алу, тауарды, қызметтерді несиеге рәсімдеу туралы SMS-хабарламалар, push құлақтандырулар өте көп, жиі-жиі келеді. "Зарыға күтпе, өз арманыңды қазір-ақ кредитке орында!" деп жанын арбайды. Содан тіпті кредит алғысы келмеген, соған қажеттілігі болмаған адамдар да еріксіз келісе салады. Мұндай жарнамаларды тыйса, банктерге негізінен, шын мәнінде қарызға мұқтаж адамдар ғана жүгінер еді", – деді кәсіпкер Никита Луспарян.
Дегенмен, агенттіктің Астана қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасының басшысы Рустам Габдулкафеев банктердің халықты кредит алуға ынталандыратын SMS-жөнелтілімдері мен хабарламаларына тыйым сала алмайтындарын түсіндірді.
Оның айтуынша, банктер туралы заңына сәйкес, банктерге өмір шындығына сәйкеспейтін, жалған жарнама беруге тыйым салынады. Жарнаманы орналастыру бойынша өзге шектеулер "Жарнама туралы" заңында регламенттелген. Банктер туралы заңнама бойынша "мемлекеттік органдарға және олардың лауазымды тұлғаларына банктердің қызметіне араласуына тыйым салынған".
Мемлекеттен банктерге тыйым болмаған соң дүрмекке еріп, қарыз рәсімдеп қойған, артынан сан соғып, өкінген адамдар миллиондап саналады.