Мықты
Президент, беделді Парламент, есепті Үкімет. Елдегі саяси жүйе осындай
тұжырымдамаға негізделетін болады. Президенттің халыққа арнайы үндеуіне қатысты
Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Сенатор президент құзыретін өз
еркімен беруін жаһандық саясатта сирек болатын құбылыс деп бағалады. Парламент
депутаттарының пікірін Айгүл Әдепбай білді.
Президенттің халыққа үндеуінің телевизиялық форматы бұрын-соңды болмаған.
Мұндайды әдетте еуропалық елдер қолданады. Елбасының арнайы үндеуі ел аузында
жүр. Билікті бөлу туралы ұсынылған
конституциялық реформалардың жалпыхалықтық талқылауға шығарылатыны қызықтырып
отыр қоғамды. Президент саяси реформа жасайтын кез келді деп мәлімдеді. Енді
Үкімет пен Парламенттің құзіреті артпақ.
Нұрсұлтан
Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Реформа
екі негізгі бағыт бойынша іске асады. Біріншіден, Президенттің
әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттіктерін Үкіметке
және басқа да атқарушы органдарға берген жөн. Сонда бұл салаға Үкімет,
министрліктер және әкімдіктер толықтай жауап беретін болады. Өкілеттіктерді
беру тиісті заңдарды өзгерту арқылы іске асады. Бұл өзгерістерді Үкімет қазіргі
Парламенттің сессияның аяғына дейін Парламентке енгізуі тиіс. Екіншіден, одан
да күрделі міндет - билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық
деңгейде теңгерімді ету. Осы реформаның аясында Үкіметті жасақтаудағы
Парламенттің рөлін күшейтеміз.
Ал
Үкімет құрамын Парламент сайлауында жеңген партия анықтайтын болады. Бұл
реформалардың бағыты -демократиялық даму, - деді президент.
Нұрсұлтан
Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл
министрлер кабинетінің өкілетті билік алдындағы жауапкершілігін арттырады.
Тиісінше, биліктің заң шығарушы тармағының атқарушы билікке бақылауын күшейтеді.
Айтылған екі бағыттың қай-қайсысы да жауапкершілік пен кәсібилікті арттыру
арқылы мемлекеттік басқару тиімділігін күшейтеді. Жұмыс тобы барлық сұрақтарды
жан-жақты зерттеп, қоғамдық талқылауға шығару үшін ұсыныстар жиынтығын әзірлеуі
қажет.
Президенттік
билік сақталады. Сондықтан мемлекет басшысы ішкі саясат, ұлттық қауіпсіздік,
әскери қуаттылық секілді ауқымды істермен айналысады.
Қасым-Жомарт
Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Қызмет
атқарып жүрген Мемлекет басшысы құзыретін биліктің тармақтарына өз еркімен
беруі - дүниежүзіндегі саяси өмірде өте сирек кездесетін құбылыс. Конституцияға
енгізуді көздеп отырған өзгерістер Қазақстандағы демократиялық үдерістерді
жетілдіру жолында, жалпы мемлекетіміздің дамуында маңызды бетбұрыс болатыны анық.
«Біздің саяси жүйеміз мықты Президент, беделді Парламент, есепті Үкімет тұжырымдамасына негізделетін
болады.
Дархан
Қалетаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Құзыретпен
бірге жауапкершілік келеді. Сол жағынан қарау керек, менің ойымша. Құзыретпен
бірге, жауапкершілікпен бірге саяси конкуренция келеді. Қазіргі таңда биліктің
қай тармағы болса да, өзінің біліктілігін, өзінің процеске дайын екенін көрсетіп
отыр.
Ақорданың
ресми сайты Конституцияға өзгерістер енгізу туралы ұсыныстарды қабылдайтын
мекенжайды хабарлады. Халық пікірі мен ұсыныстарын Астана қаласы Есіл ауданы,
Үкімет үйі, Президент Әкімшілігінің мемлекеттік құқықтық бөліміне апара алады.
Ал электронды мекен жайы - ap2017@akorda.kz
Айгүл
Әдепбай, тілші:
Азаматтардың
ұсыныстары бүгін, яғни 26-шы қаңтардан 26 ақпанға дейін бір ай бойы қабылданады.
Яғни Конституцияға өзгеріс енгізуге қатысты әрбір адам өзінің ұсыныс-тілегін
айта алады. Арнайы құрылған жұмыс тобы Ата заңға 40 шақты өзгеріс енгізуді
ұсынды. Ол әлі де қаралатын болады.
Айгүл ӘДЕПБАЙ