Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Елімізде көрісу мерекесі кең көлемде тойланды

14.03.2024ж. 20:00
308
Елімізде көрісу мерекесі кең көлемде тойланды

Кезінде еліміздің батысында ғана сақталған бұл дәстүр бүгінде күллі халық тойлайтын үлкен мерекеге айналды. Жатты жақын қылып, араздасқанды татуластырған бұл күн - Самарқанның көк тасы еритін әз мейрам - Наурыз тойының басы. Қыстан аман шыққан ағайынға ат арылтып, арнайы баратын ағайын бүгін де осы дағдысынан жаңылған жоқ. Бүгінгі мерекенің әр аймақта қалай өткенін тілшілеріміз баяндайды{. +СЮЖЕТ }

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Жыл он екі ай көшіп-қонып, жайлы мекен іздеген бабаларымыз қыстан аман шыққасын, сағынған ағайынымен құшақ жая қауышатын. Өлісіне құран бағыштап, тірісін тойға шақыратын. Ал бүгінгі көрісу жақын-жуықтың жағдайын біліп, тума-туысты түгендейтін рәсім емес, Қазақстанның бүкіл өңірі бірге тойлайтын халықтық сипатқа ие болды.

Көнеден келе жатқан рәсім ағайынның алшақтамауын көздейді. «Бір жасыңмен!» деп төс қағыстырғандардың бұл сөзі «Бір жасқа есеюіңмен! Осы жылға аман жетуіңмен!» дегенді білдіреді.

Нұртас САФУЛЛИН, ӨЛКЕТАНУШЫ:

Мәшһүр Жүсіп Көпеев кезінде қазақта наурызнама тойы қатарынан 8 күнге ұласқанын айтқан екен. Қатарынан 8 күн тойланған. Енді біздің өңірде басталатын 14-наурызға осы 8 күнді қоссақ, 22-наурызға жетеміз екен. ал 21-інен 22-іне қарағанда күн мен түн теңеледі. Ұлыстың ұлы күні сонда келеді.

Бүгін де орталық алаңда киіз үй тігіліп, өнерпаздар әннен шашу шашты. Жиылған жұрт сақталған сүрден ауыз тиіп, Наурыз көжеден дәм татты. Жастар жағы асыр салып асық ойнады. Арқан тартысып, ләңгі тепкен жігіт ағалары да алыста қалған бала кезін сағынып еске алды.

Тельман МАЛАЕВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бұрында құйттай кезімізде үлкен шаңырақтан бастап көрісетінбіз. Көрші ауылдарға ат шана жегіп барып, үлкен той ретінде барып, көрісетінбіз ақсақалдардан бастап. Әжелеріміз жаңағы өздерінің дәмдерін дайындап, оның ішінде көжеміз бар, оның ішінде айранымыз бар баршамызға сол тағамдарды беріп, өсірген болатын.

Ақылбек ИЩАНОВ, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біз ауылдағыларға амандасып шығатын едік. Ол кезде қыстан аман шығуларыңмен дейді, мал-жанның аман көрісуі деген сияқты ғой. Жақсылықтың нышаны ғой енді.

Енді бірер күннен кейін 22-наурыз жетеді. Бұл мейрамның қазақ халқы ғана емес, күллі түркі әлемі үшін орны ерек.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Бұл күні кемінде 40 үйге кіріп, амандасу керек деген наным бар. Күні бойы жұмыстан қолымыз тимегесін, қас қарайғанша үлгіру үшін Айзадаға сөз кезегін берейін. Өйткені телефон шалып, онлайн құттықтасақ та, ізгі ниеттегі абзал жандар құшақ жайып күтіп отыр. Ал, Айзада, сөз өзіңде.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Мереке құтты болсын, Еркін! Көрісу күнін елдегі үшінші мегаполис тұрғындары да айырықша атап өтті. Айтпақшы, кеше ғана күн көктем болып тұрған Шымкентте амал мерекесінің таңы бүгін ерекше атты. Айнала ақ көрпеге оранып, табиғат ана тосын сыйын тарту еткендей.

Қардың жапалақтап жауғанына қарамастан халық таң атқаннан Астана алаңына жиналды. Әсіресе мәдениет саласының қызметкерлері мерекенің ажарын аша түсті. Көрші орналасқан мекеме өкілдерімен төс қағыстырып, құшақ айқастырып, көрісті.

Жиналғандар домбыра мен баянның сүйемелдеуімен ән де шырқады. Биді де биледі. Арқа-жарқа, мәре-сәре күй кешті.

Ай көрмесе –ағайын жат, жыл көрмесе-жекжат жат деген. Үлкендер жағы наурызбен құттықтап, бата тілегін жолдады. Қала тұрғындары мен қонақтары керемет сәттің куәсі болды. Көпшілік бүгін қар жаууының өзін жақсылыққа балады.

Анар ЖАППАРҚҰЛОВА,  ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЛАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ -ӘМБЕБАП КІТАПХАНА ДИРЕКТОРЫ:

 Жаңа біз өзіміз әріптестерімізбен көрісейік деп көшеге шықсақ арқадан бір топ қонақтар келген екен. «Біз арқадан ақ қарды алып келдік» - деп қуанысып осы көшеде көрген адам бір-бірін құшақтап, бұл да біздің дәстүріміздің, салтымыздың жаңғырып жатқандығы. Жәй ғана бір атаулы мереке деп емес, шын мәнісінде көктемге аман-есен жеткеніне қуанған елдің қуанышты жүзін көріп, біз де қуанып жатырмыз.

Ақжарқын НҰРТАЗИНА, М.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОҚУ МҰҒАЛІМІ:

Бұл- қазақ елі үшін бір керемет үлкен мейрам. Біз өзіміз қазақтар біз салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрыптарымызды ешқашан ұмытпауымыз керек. Оны ұрпақтан ұрпаққа беріп отыруымыз керек. Ұрпақтан ұрпақ оны жалғастырып отыру керек.

«Көрісу-жаңа өмір, жаңа күн!» Осындай атаумен ұйымдастырылған мерекелік іс-шара қаланың бірнеше жерінде атап өтілді. Соның бірі –орталық алаң. Мұнда да құшақ жая көріскендер түрлі спорттық сайыстарды тамашалады.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Айта кетейін, шымкенттіктер көрісу күнін биыл екінші жыл кең көлемде атап өтіп отыр. Жыл өткен сайын дайындық арта түсуде. Амал күнін тойлауға жиналғандар арнайы концерттік бағдарламаны тамашалады. Сонымен қатар театр сүйер қауым үшін де арнайы қойылым жоспарланған.