$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Гуманитарлық көмек: Қазақстан қай елге көмектесті және қай елден көмек алды

AstanaTV
15.03.2024ж. 14:46
833
Гуманитарлық көмек: Қазақстан қай елге көмектесті және қай елден көмек алды

Елімізде биылдан бастап Наурыз 10 күн бойы тойланады. Ұлық мерекенің жаңа форматы бойынша 14-23 наурыз күндері – Наурызнама онкүндігі деп жарияланды. Атап айтқанда, 14 наурыз Амал мерекесі тойланды. Ал бүгін, 15 наурыз – Қайырымдылық күні. Оны ел бойынша қайырымдылыққа, мейірім мен тату көршілікке арнаймыз. Осы орайда, Қазақстанның қай елдерге көмек қолын созып, қиын сәттерде қолдау көрсеткеніне көз жүгірттік, - деп жазды KAZINFORM. 

Қазақстан халықаралық қауымдастықтың толыққанды мүшесі болғандықтан, басына қиын іс түскен мемлекеттерге қолдан келген көмегін аяп көрген емес. Оған кейінгі жылдың ішінде ғана жан-жаққа жөнелтілген гуманитарлық жүктер дәлел. Гуманитарлық көмектің басым бөлігі Орталық Азиядағы іргелес елдерге көрсетілгенін айта кету керек.

Сыртқы істер министрлігінің жанындағы «Қазақстан халықаралық даму агенттігі» (KazAID) коммерциялық емес акционерлік қоғамы ұсынған дерек бойынша, 2021 жылы Қазақстан 13,9 млн доллардың гуманитарлық көмегін көрсеткен. Көмекті қабылдаушы елдер – Қырғыз Республикасы, Тәжікстан және Ауғанстан.

Ал 2022 жылы 23,4 млн доллардың гуманитарлық көмегін Пәкістан Ислам Республикасы, Украина, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан және Ауғанстан елдеріне жолдаған.

2023 жылдың қаңтарынан қыркүйек айына дейін 62,7 млн доллардың гуманитарлық көмегін Пәкістан Ислам Республикасы, Түркия Республикасы, Сирия Араб Республикасы, Тәжікстан және Ауғанстан елдеріне жөнелткен.

Атап айтқанда, 2023 жылы 6 ақпан күні Түркияда эпицентрі Кахраманмараш провинциясының Пазарджик ауданында 7 балдан асатын екі рет жер сілкінді. Одан кейінгі жүздеген дүмпулер елдің 11 провинциясында және Сирия секілді көрші мемлекеттерде де сезілді. Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстан Үкіметі жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен Сирия халқына гуманитарлық көмек жасады. Үкімет жойқын жер сілкінісі салдарынан зардап шеккен Түркия Республикасына көмек ретінде 1 млн доллар бөлді.

Ал қазақстандықтар Түркиядағы жойқын зілзаладан зардап шеккендерге 3,6 млн доллардан астам қаражат жинап берді. Мұнымен қоса, Қазақстан Республикасы Түркия Республикасына қосымша гуманитарлық көмек көрсетті. Одан бөлек, апат аймағындағы тұрғындарды іздестіру және жедел-құтқару жұмыстары үшін ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел тобы Түркияға аттанды.

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров өткен жылы Қазақстан ауған халқына гуманитарлық көмек көрсету бойынша алған ұлттық міндеттемелерін толық жүзеге асыратынын айтқан еді. 2023 жылы сәуірде Қазақстан Ауғанстанға дәрі-дәрмек пен азық-түліктен құралған гуманитарлық жүк жеткізді. Сонымен қатар, қазан айында Қазақстан халқының атынан Ауғанстанның батысындағы зілзаладан зардап шеккен халыққа гуманитарлық көмектің алғашқы легін жеткізген арнайы ұшақ Герат әуежайына қонды. Сол кезде Қазақстаннан Ауғанстанға тағы 27 вагон гуманитарлық жүк жөнелтілді.

Ал 2023 жылдың қараша айында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміз Палестина халқына гуманитарлық көмек жіберді. Еске салсақ, желтоқсан айында Қазақстан Палестинаға бөлген гуманитарлық жүк тиелген ұшақ Мысырға барып қонды. Жүк ұшағына мемлекеттің материалдық қорынан азық-түлік, көрпе-жастық, сондай-ақ «СК-Фармация» ЖШС-дан дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар тиелді.

Бұден бөлек, былтыр Қазақстан Тәжікстанға 5 мың тонна мазутты гуманитарлық көмек ретінде берді. Ал биыл наурыз айында Қазақстанның Тәжікстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Уәлихан Төреханов Тәжікстан Республикасының Үкіметі жанындағы Мемлекеттік материалдық резервтер агенттігі директорының орынбасары Сохибжон Зиёдуллоевке 15 мың тонна мазут сертификатын салтанатты түрде табыс етті.

Жақында Қырғыз Республикасына Қазақстанның гуманитарлық жүгі тапсырылды. Гуманитарлық көмек ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, сондай-ақ KazAID Қазақстандық халықаралық даму агенттігінің қолдауымен көрсетілді.

Ал пандемия кезінде Қазақстан Қытай, Германия, АҚШ, Қатар, Оңтүстік Корея, БАӘ, Үндістан және басқа да елдерден гуманитарлық көмек алған болатын.