$498.34 €519.72 ₽4.85
×

"Ұлттық құрылтай мүшелері ұсыныстарының орындалуы ұдайы бақылауда", – Ерлан Қарин

AstanaTV
15.03.2024ж. 15:35
585
"Ұлттық құрылтай мүшелері ұсыныстарының орындалуы ұдайы бақылауда", – Ерлан Қарин

Атырауда Ұлттық құрылтайдың үшінші жиыны өтіп жатыр. Оған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, құрылтай мүшелері қатысып отыр.

Ұлттық құрылтайдың жиынын төраға орынбасары, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин ашып, атқарылған жұмыстарға шолу жасады.

Оның айтуынша, кеше Атырауда Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы аясында жұмыс секцияларының ел дамуының басым бағыттарын талқылады.

«Ұлттық құрылтай мүшелері берген ұсыныстардың орындалуы ұдайы бақылауда. Мәселен Ұлытауда өткен бірінші отырыс қорытындысы бойынша 42 бастама жұмысқа алынса, Түркістандағы екінші отырыс нәтижесіне сәйкес 100-ден аса ұсыныс назарға алынды. Оның ішінде Мемлекет басшысының қазіргі уақытта жүзеге асқан кейбір бастамаларын атап өткім келеді. Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің кешенді жоспары бекітілді. Оқушылар мен жастар арасындағы электронды темекі мен вейп қолдану алдын алуға бағытталған жол картасы қабылданды. «Ауыл — ел бесігі» жобасы қарқынды іске асырылып жатыр. Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында жаңа аудандар құрылды. «Балалар кітапханасы» жобасы іске асты. Тіл саясатын дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Әзірет Сұлтан тарихи-мәдени қорық музейіне ұлттық мәртебе берілді», - деді Ерлан Қарин.

Оның айтуынша, Түркістанда өткен екінші отырыстан бастап, Ұлттық құрылтай жұмысы секциялар аясында жүргізілетін болды. Төрт секцияның жұмыс отырыстары осыдан бір ай бұрын және кеше арнайы ұйымдастырылды.

Кеше өткен секция жұмыстарына Ұлттық құрылтайдың 76 мүшесі қатысып, өз ойларын ортаға салды. Нәтижесінде 100-ден аса нақты ұсыныс айтылып, байыпты бастамалар көтерілді. Мұның бәрі қоғам белсенділері мен мемлектеттік органдар арасында тиімді және ашық орнағанын көрсетеді.

«Секцияларда айтылған ұсыныстардың басым бөлігі қоғам бірлігін одан әрі нығайту, жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеу, елдің ғылыми әлеуетін көтеру, мәдениет саласын қолдау, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту, көші-қон мәселесін реттеу және қоғамдағы өзге де өзекті мәселелерге қатысты жасалды. Ұлттық құрылтай мүшелерінің мұндай белсенді қызметі аталған азаматтық институттың қоғам мен мемлекет арасында тиімді диалог алаңына айналғанын көрсетеді», - деді Ерлан Қарин.

Құрылтай мүшелері отандық өндірісті ұлғайту, оның ішінде инфрақұрылымды дамытып, табысты кәсіпорындар ашу ісіне ерекше тоқталды.

Сондай-ақ медициналық-әлеуметтік саланы қаржыландыру, ішкі миграцияны жүйелеу және елдегі баспана мәселесін жетілдіру ісін талқылап, экономикалық көрсеткіштердің негізгі факторы — адам капиталын дамыту жайын саралады.