Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Тобыл өңірінде 35 мыңнан астам тұрғын тұмауға шалдыққан

AstanaTV
18.01.2017ж. 20:00
2622
Тобыл өңірінде 35 мыңнан астам тұрғын тұмауға шалдыққан

Қостанай облысында қазан айынан бері дес бермей дендеген гонконг тұмауы енді ғана ептеп бәсеңдегендей болды. Мамандардың айтуынша, маусымдық дертке аймақта 35 мыңнан астам адам шалдыққан. Қазір барлық емдеу мекемелері күшейтілген тәртіппен жұмыс істеуге көшіпті. Заңғар Санай тарқатады.

Заңғар  Санай, тілші:

Тұмаудың дендеуіне байланысты емхана дәрігерлері демалыс күндері де науқастарды қабылдап жатыр. Ақ халаттылардың айтуынша, өткір респираторлық вирус індетін жұқтырғандар легінің көптігінен соңғы кездері дамыл көрмеген.

Жанбөпе  Базарбаева, қалалық № 1 емхананың педиатрия бөлімшесінің  дәрігері:

Бір учаскелік дәрігердің қабылдауыда күніне 40 адам. Кей күндері 50 дейін жетті. Ал қазір 14-18, сол шамада. Осыған қарап тұмаудың төмендегенін байқап отырмыз.

Дәрігерлер дәл қазір тұмаудың сәл бәсеңсіп қалғанын айтады. Дегенмен сақтықта қорлық жоқ деген қағиданы ұстанған ақ халаттылар қаралуға келген қала тұрғындарын тегін бетперделер таратып, емханада маска киіп жүру ережесін енгізіп отыр.

Өткен жылдың қазан айынан бері аймақта 35 мыңнан астам тұрғын тұмауға шалдыққан. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда екі есеге көп. Мамандар, маусымдық вирусты жұқтырғандардың 75 пайызы - балалар, дейді. Облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаменті білім ошақтары мен емдеу мекемелеріне қатысты арнайы  қаулы шығарған. Егер оқушылардың 20-30 пайызы сырқаттанса, директор карантин жариялауға міндетті.

Іңкәр  Мәжитова, Қостанай облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің жетекші маманы:

Қаулы бойынша емдеу мекемелері маскалық режим енгізуі тиіс. Ал білім беру саласындағы кабинеттік жүйені уақытша тоқтаттық. Және спорттық шаралар мен ойын-сауық кештерін қысқартуға кеңес беріп отырмыз.

Кезеңдік кеселге шалдыққандар саны биыл екі есе көп болғандықтан, шаһардағы дәріханалардың саудасы қызып тұр. Абырой болғанда, қажетті препараттар мен маска тапшылығы бұл жолы байқалмайды. Дәрі-дәрмек сатушылар ерте қамданған секілді.

Елена Лесина, дәріхана сатушысы:

Биыл біз дайын болдық. Тұмауға  қарсы дәрі-дәрмек жеткілікті. Оксолин жақпасы мен масканың да қоры көп.

Тобыл өңірінде тұрғындардың 7 пайыздайы тұмауға қарсы егілген. Дәрігерлер  жұқпалы вирустың келесі кезеңіне ілікпеу үшін ертерек екпе жасату керектігін айтады. Өйткені қазір өткір респираторлық вирус Ресейдің Челябі, Қорған облыстарында өршіп тұр. Сондықтан тұмаудың екінші толқынының келу қаупі басым.

Заңғар САНАЙ