Мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орындары емдеп қана қоймай, оларға кәсіби білім беруі де тиіс. Бұл туралы бүгін Өскеменде өткен жиында ата-аналар айтты. Қазір Шығыс Қазақстан облысында 59 мың мүгедек бар. Олардың арасында жұмыспен қамтылғандары некен-саяқ. Осыны тілге тиек еткен ата-аналар мүмкіндігі шектеулі балаларының келешегіне алаңдаулы. Олардың айуынша, оңалту орталығында бастауыш сынып бағдарламасы бойынша ғана білім беріледі. Кейін көпшілігі кәдімгі мектептерде білімін жетілдіре бермейді. Сондықтан олар үйден оқытылады. Мұндай балалар үшін күндізгі интернат болса, онда білім алуды жалғастырып, болашақ мамандығын анықтауға көмек көрсетсе, дейді. Ата-аналары болса жұмысқа орналасуға мүмкіндік алар еді деп отыр. Өскеменде мұндай алғашқы интернаттың іргесі қалануда. Жиналғандар қоғамдық көліктерде, түрлі мекемелерде тіпті ойын алаңқайларында мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндер үшін жағдай қарастырылмағаны дейді.
Ольга Ведяшкина:
Біздің балаларымыз бұрынғыдай елеусіз қалмайды. Мемлекет оларға жәрдемақы төлесе, балабақша мен мектептің көмегі де орасан. Яғни, мүгедектер бұрынғыша үйде отыра бермей қоғаммен тығыз араласады. Бұл ата-аналар үшін де қолайлы. Мұндай балаларға арналған мамандандырылған балабақша бар. Оған баласын апарғысы келген кез-келген адам тіркеле алады.
М.ЕСХОЖИН