$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Алматы облысында алты жасар бала ешкі сүтін өндіретін фермадағы резервуарға батып кетті

AstanaTV
16.03.2024ж. 21:00
841
Алматы облысында алты жасар бала ешкі сүтін өндіретін фермадағы резервуарға батып кетті

Алматы облысы Кемертоған ауылында ешкі сүті өндірілетін жергілікті шаруа қожалығында алты жасар бала резервуарға батып кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі almaty.tv-ға сілтеме жасап.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, алып кәсіп нысаны кәріз суын ауылға төгіп, малдың ішек-қарнын қалай болса, солай тастай береді екен.

"Қоршау сенімсіз болғандықтан, бала сонда өтіп, суға батып кеткен. Ол жерде үлкен резервуарлар бар. Бала 6 жаста еді, қайтыс болды.

(...) Терезені ашсаң өліктің иісі шығады. Әртүрлі ауру шығады. Көшіп кете алмаймыз, бес баламды шырылдатып, қайда барамын? Малдың қи-тезегіне батып, кішкентай сәби қайтыс болған. Бұл кісілер өліктен де қорыққан жоқ", - деді Кемертоған ауылының тұрғыны Жұлдыз Әкімбаева.

Халық бұл мәселені жергілікті әкімдікке айта-айта шаршаған көрінеді. Өтірік уәдеден әбден көңілі қалған. Талабымыз тыңдалмады деген тұрғындар қаңылтыр қоршаудың арғы жағында ферманың кәріз суын төгетін терең шұңқыры бар деп отыр. Олардың сөзінше, фермадан шыққан қоқысты осында және ауылдың шетіне төгіп кетеді. Сәйкесінше ит-құс ауылға тасып, ауру боламыз ба деп қорқады.

Almaty.tv журналистері кәріз су ағатын жерге барып, әуеден де түсіріп алған. Қоршаудың ішінде демесеңіз, шұңқырдың аузы ашық жатыр. Бетінде қауіпсіздік қақпағы да, белгісі де жоқ. 

"Иә, сотқа беріңіздер. Мен сіздерді көшіріп жібере алмаймын. Қалай жер сатып алғандарыңызды анықтайық. Шыны керек, біз шешім қабылдамаймыз. Әкім жиналыста. Енді әрбір адамның арызын қабылдаймыз", - деді Іргелі ауылдық округі әкімінің орынбасары Әркен Кенжебай.

Тұрғындар учаскелік полицияны шақырып, ешкі фермасына арызын жазды, бірақ шаруашылық қожайыны халық алдына сол күйі келмеген.

Аталған мекемеге тұрғындардан 2021-2022 жылдары шағым түскен. Сол бойынша тексеріс те жүріпті.

"Ауаның құрамындағы аммиакқа, күкіртсутегіне зертханалық тексеру жүргізді. Хаттама нәтижелері бойынша гигиеналық нормативтерге сәйкес келмейтін көрсеткіштер анықталған жоқ. Ары қарай өз тараптарынан қарау үшін өтініш аудандық ветеринарлық станцияға және инспекцияға жөнелтілді", - деді Қарасай аудандық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Айгүл Сатыбекова.