Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

46 жастағы азамат өткелден құлап, мерт болды

AstanaTV
19.03.2024ж. 07:38
482
46 жастағы азамат өткелден құлап, мерт болды

Көпірден құлап мерт болды. Есік қаласы маңындағы Үлкен Алматы каналын кесіп өтетін өткелде қайтыс болған 46 жастағы азаматты жақындары кеше жер қойынына тапсырды. Ал осы арна маңындағы халық, тағы да адам өлмесін деп бүгін әкімдік өкілдеріне талап қойды. Олар бұл қауіпті жерден күніне 100-150 оқушы мектепке қатынайды деп қорқып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ашынған халық апатты жағдай тағы да бола ма деп қорқады. Өйткені азық-түлікке аттанған азамат осы жерден құлап кеткен. Мынау қорқынышты кадрлерді де куәгерлер сол кезде түсіріп алыпты.

Сол түні тұрғындар мәйітті осы жерден тауып алғанын айтады. Алайда жұлыны үзіліп, басы жарылған азамат ол кезде жан тәсілім еткен. Ал қалың ел «қылкөпір» деп атап кеткен өткелде өмірін қиған тек жалғыз ол кісі емес, «жылда адам өледі» дейді.

– Құлап барып, сырғанап анау тұрған бетонға басын жарып, үйелеп қалған. Артқа шығуға мүмкіндік жоқ. Үш қызы, бір ұлы бар. Бір үй азаматынан, асыраушысынан айырылып отыр. Нарынқолға әке-шешеміздің жанына жерлеп келдік, – деді марқұмның інісі Елжас Нүсіпов.

Есі кеткен ел «келесі кім?» деп дабыл қағып отыр. Бұған дейін талай адам суға кетіп, денесін әзер тауыпты. Ал Есік қаласына екі аттам жерде тұрса да, ауыл статусын ала алмай жүрген ел «өркениеттен жұрдаймыз» дейді.

– Халық таңғы 05:00-ден 24:00-ге дейін Алматыға қатынап жұмыс істейді. Менің санауым бойынша, солардың он бірін көлік қағып өлтірді. Ауданның әкіміне мәселені айтық, ауылдың әкіміне бардық. Тыңдайтын құлақ жоқ. Осы көпірден өтуге мәжбүр болып отырмыз, – деді саяжай тұрғыны Ермек Құралбаев.

– Көпірмен жүрмеңдер дейді. Арғы жолдан өтпеңдер дейді. Халық ұшып өте ме? – деді саяжай тұрғыны Күлия Құдайбергенова.

– Біріншіден, бұл көпір емес, «ГидроСервис» ЖШС балансында тұрған үстінен су өтетін құрылғы. Ал басқа мекеменің балансында тұрғандытан, мемлекет тарапынан қаражат бөліп, көпір салып бере алмаймыз. Демеуші табылған жоқ, іздеп жатырмыз, – деді Еңбекшіқазақ ауданы Бөлек ауылдық округінің әкімі Асыл Изиев.

Азаматтар әлгі қанды өткелге құзырлы орган өкілдерін шақырып, арыз жазды. Көп ұзамай аудандық прокуратураға да шағым түсірмек.