Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Олжас Бектенов әкімдіктерге ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуды тапсырды

AstanaTV
19.03.2024ж. 13:31
354
Олжас Бектенов әкімдіктерге ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуды тапсырды

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ауылдық аумақтарды дамыту мәселесі қаралды.

Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров ауылдық жерлерді дамытудың ағымдағы жай-күйі туралы баяндады. Вице-премьердің айтуынша, бүгінде елімізде 6 256 ауылдық елді мекен бар, оларда 7,6 млн азамат немесе республикадағы халық санының 38,4%-ы тұрады.

2019-2023 жылдары "Ауыл – ел бесігі" жобасы аясында 1,8 мың ауылдық елді мекенде 524 млрд теңге сомасына 5,4 мың жоба іске асырылды. Сондай-ақ 85 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысаны салынды, 10,5 млрд теңгеге 1,8 мың медициналық техника сатып алынды, 120 өрт сөндіру бекеті құрылды. Интернетке Wi-Fi HotSpot технологиясы бойынша 176 ауыл қосылған.

Мамандарды тарту үшін "Дипломмен ауылға" жобасы аясында бюджеттік несие мөлшері 1,5 мыңнан 2,5 мың АЕК-ке дейін ұлғайтылды.

Өңірлердегі ауылдық жерлерді дамыту туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазин, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев баяндама жасады.

Үкімет басшысы әр ауыл тұрғыны тұрмыстық ахуалдың жақсарғанын қалайтынын айтты. Премьер-Министр Өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес, әкімдіктерге ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту бойынша міндеттер қойды. Объектілер мен қызметтердің нақты тізбесі осы Жүйеде қамтылған. Тізбеде жазылған игіліктердің барлығы әрбір елді мекенде болуға тиіс.

"Ол үшін біз қала мен ауылдың тұрмыс деңгейіндегі алшақтықты біртіндеп қысқартып келеміз. Мұндағы негізгі фактор – қолжетімді қызметтер, яғни сапалы жол, медицина мен білім беру сияқты ауыл халқының жайлы тұрмысына қажетті игіліктердің болуы. Мектептер мен медициналық мекемелер – ауылдағы ең маңызды объектілер. Оларға айрықша назар қажет", — деді Олжас Бектенов.

Оған қоса Премьер-Министр стандарттар жүйесін басқа бағдарламалық құжаттармен, соның ішінде ұлттық жобалармен өзара үйлестіруді тапсырды.

Мектептердің апатты жағдайда болуынан, денсаулық сақтау мекемелерінің жарамсыздығынан кейбір ауылдар тұрғындары медициналық қызмет және білім алу үшін басқа елді мекендерге баруға мәжбүр болып отыр.

"Ауылдарда ауыз су мен жолдардың сапасына, электр қуаты мен ұялы байланыстың жағдайына және Интернеттің қолжетімді болуына қатысты мыңдаған шағым келіп түседі. Мұның барлығы ауыл тұрғындарының жаппай көшіп кетуіне себепші болады. Сондықтан әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын, әсіресе шекара маңындағы аумақтардың инфрақұрылымын дамыту жұмыстарын күшейту керек", — деді Олжас Бектенов.