$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қытайда шошқаның бауырын адамға трансплантациялау операциясы сәтті өтті

AstanaTV
19.03.2024ж. 15:23
961
Қытайда шошқаның бауырын адамға трансплантациялау операциясы сәтті өтті

Қытай ғалымдары бауыр жеткіліксіздігі бар науқасты емдеу үшін генетикалық түрлендірілген шошқа бауырын трансплантациялауды сәтті жүзеге асырды, деп хабарлайды KAZINFORM.

Қытай Әскери-әуе күштері медициналық университеті басылымының хабарламасына сәйкес, зерттеушілер шошқа мен адамның бауырын біріктіріп, қосымша трансплантация жасайды, өйткені шошқаның бауыры адамның бауырының қызметін толыққанды атқара алмайды.

Операция нәтижесінде жаңа орган қан мен өттің жүруін қамтамасыз ете алды. 96 сағат ішінде ағзаның жаңа органды қабылдамау сияқты белгілері болмаған. Науқастың медициналық зерттеулерге тегін қатысуына оның отбасы келісім берген.

Қытайда бауыр ауруымен ауыратын 400 миллионға жуық адам бар. Қытайлық дәрігерлердің зерттеуі донорлық органдардың жетіспеушілігін жеңілдетіп, ауруын тек трансплантация арқылы ғана жеңе алатын науқастарға көмектеседі.

Ксенотрансплантация бойынша алғашқы салыстырмалы түрдегі сәтті тәжірибелер (бір биологиялық түрден екіншісіне) ХХ ғасырдың екінші жартысында жүргізілді. 1960 жылдары америкалық трансплантолог Кит Ремтсма шимпанзеден адамға 13 бүйрек трансплантациясын жасады. Онда пациенттердің көпшілігі операциядан кейін төрт-сегіз апта ішінде қайтыс болды. Бір науқас тоғыз ай өмір сүріп, тіпті қысқа уақыт ішінде жұмысқа қайта оралды.

2022-2023 жылдары шошқа жүрегін трансплантациялау операциялары туралы көп хабарланды, бірақ екі науқас медициналық процедурадан кейін екі ай уақыт өткенде қайтыс болды. 2024 жылдың қаңтарында Пенсильвания Университетінің (АҚШ) ғалымдары шошқаның гендік модификацияланған бауырын миы өлген науқасқа трансплантациялады, бірақ жаңа органды қабылдау үшін оны реципиенттің денесінің сыртына орналастырған еді.