Спорт Қазақстан
$443.72 €482.28 ₽4.9
×

"Соңғы 10 жылда еліміз бойынша 600-ге жуық ауыл жойылып кеткен",- министр

19.03.2024ж. 20:00
249
"Соңғы 10 жылда еліміз бойынша 600-ге жуық ауыл жойылып кеткен",- министр

Соңғы 10 жылда еліміз бойынша 600-ге жуық ауыл жойылып кеткен. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты. Оған не себеп? Урбанизация неге күшейіп келеді? Әріптесім Бекболат Сатуов тарқатады.

Дәл қазір елімізде 6256 ауыл бар. Халықтың 38,4 пайызы, яғни 7 млн 600 мың адам елдімекендерде тұрады. Алайда бұл көрсеткіш жыл санап төмендеп барады. Жұрт ауылдан гөрі қалаға құмартқан. Оған бірден-бір себеп, шалғай аймақтардағы жұпыны өмір. Сондықтан министр биыл ауыл инфрақұрылымына қазынадан 900 млрд теңге бөлінеді деді.

Нұрлан БАЙБАЗАРОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ - ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:
2023 жылы республикалық және жергілікті бюджеттерден, сондай-ақ басқа да қаржы көздерінен шамамен 1 трлн. теңге әлеуметтік, инженерлік, көліктік инфрақұрылымды, қоғамдық және экологиялық қауіпсіздікті дамытуға бағытталған. Биыл бұл мақсаттарға шамамен 900 млрд теңге жоспарланған
Қанша қаржы бөлінсе де, өкінішке қарай, кей мәселелер шешілмей жатыр. Нәтиже көңіл көншітпейді. Олжас Бектенов бұл орайда жергілікті әкімдіктер мәселелерді ұлттық жобамен үйлестіре алмай отыр деді. Соның кесірінен жұмыс тиімсіз жоспарланатынын айтты.

Олжас БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Ауыз су мен жолдардың сапасына, электр қуаты мен ұялы байланыстың жағдайына және интернеттің қолжетімді болуына мыңдаған шағым келіп туседі. Сондықтан әлеуметтік, инжинерлік инфрақұрылымын әсіресе шекара маңындағы аумақтардың инфрақұрылымын дамыту жұмыстарын күшейту керек.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов осы жолы бөлінген қаржыны тиімді жұмсау қажет екенін ескертті. Егер биыл толық игерілмесе келер жылдан бастап қаржы қысқаратынын айтты. Сондай-ақ, кей ауылдарда кәсіпкерлердің ақшасы мемлекет бөлген қаржыдан 3 есе көп. Сондықтан елді-мекендерді дамытуға кәсіпкерлерді ынталандыру қажет деді. Ауылдағы кей мәселелерде тұрғындардың пікірін ескеруді де ұмытпау керек.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Клуб жоқ. Жастар қайда барады? Сосын енді кез келген жас, жаңа өсіп келе жатқан жасөспірімдер немен айналысады? Клуб жоқ болғасын қалаға барады, әрі-бері жүреді. Сондайдан басталады бәрі.
- Мәдениет үйі керек бізге. Ақша бөлінді деді. Бірақ 3-4 жыл болды, фундаментін құйды. 4 стойкасы тұр. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Мектептің бір кішкентай спорт залы, құртақандай, аядай.
Ауыл тұрғындарынан ауыз су мен жолдардың сапасына, электр қуаты мен ұялы байланысқа және Интернеттің қолжетімді болуына қатысты мыңдаған шағым келіп түседі. Мұның барлығы халықтың жаппай көшіп кетуіне себепші болады, деді Үкімет басшысы. Сондықтан әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын, әсіресе шекара маңындағы аумақтардың инфрақұрылымын дамыту жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Әкімдіктерге нақты міндеттер жүктеді.