Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

19 наурыз – жаңару күні

19.03.2024ж. 20:30
639
19 наурыз – жаңару күні

Бүгін – жаңару күні. Тіршілік тіріліп, қайта жаңғыратын мезгіл. Табиғат түрленеді. Жұрт жүрген жолын саралап, болашаққа жоспар құрады. Атаулы күннің мән-мағынасы туралы толығырақ Аружан Задабек айтады.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Көктем келді дегенше мейрам келді десеңші. Астананың қара суығынан мерекені сезіну қиын болады-ау деп едік. Бірақ ауа-райы көңіл күйімізге әсер ете қоймады. 14-нен басталған наурызнама жаңару күніне де келіп жетті. Бүгін табиғат қайта жаңарады. Өзге өңірлерде ағаш отырғызу басталып та кеткен.

Мәселен, түркістандықтар айналаны көшетпен көмкерді. 522 мыңға жуық ағаш отырғызды. Игі бастамаға тек жастар ғана емес, қайраткерлер де атсалысқан. Олар көгалдандыру жұмыстарын алдағы күндері де жалғастыруға ниетті.

Жандос МАХАНБЕТОВ, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Бұл біздің жастарымызға отансүйгіштік тәрбие, ұлттық тәрбие беруде және де өзінің туып-өскен жерінің табиғатын қорғауға, елін жерін сүюге үлкен басымдық беретін тәрбиенің бір бөлігі деп есептеймін.

Күннің көшет отырғызудан басталуы тегін емес. Бұған дейін атаулы күнді көктемгі ағаш егу дәстүрімен бастау ұсынылды. Оның мәні бар. Ұлыстың ұлы күні де жаңару, жаңғыру ұғымдарынан құралған. Демек, бұл күн береке мен ынтымақтың, мейірімділіктің бастауы.

Сағындық СЕЙІТКӘРІМ, ҚАЗАҚСТАН СТУДЕНТТЕР АЛЬЯНСЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СТУДЕНТТЕР ҚОЗҒАЛЫСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жастар болғандықтан жаңаруды қолдаймыз. Жаңашылдықты қолдаймыз. Әр нәрсенің мемлекет болып қалыптасқаннан бері, 30 жылдың көлемінде әртүрлі жаңашылдықтар, жаңарулар болған болатын.

Жаңару күні наурызнамаға биыл енгенімен, бұл дәстүр бізде баяғыдан бар. Наурыз қарсаңында ата-бабаларымыз ағаш егіп, үй-жайды тазартып, бұлақ көзін ашуды дәстүрге айналдырған. Байырғы қазақтар мереке жақындағанда кетік ыдыс болса сындырып, ескі заттарды «бәле-жала осымен кетсін» деп жерошақ қазып, отқа жағып, күлін көміп тастаған.

Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ, МӘДЕНИЕТТАНУШЫ:

Жаңару дегенде қандай ырымдар болған? Қандай рәсімдер болған? Мысалы сол күні ескі-құсқы заттарды лақтыратын болған, ыдыс-аяқтың сынған, сызат түскен болса оларды да лақтырған. «Бұлақ көрсең көзің аш» деген, ол да осы жаңару идеясымен байланысты. Яғни наурызды тойлатқан кезде бүкіл ел болып бұлақтарды іздеп, көзі бітелген болса соны ашып, жаңа суат көздерін ашуға жол ашқан.

Атаулы күні балаларға жаңару күнінің мағынасын түсіндіру өте маңызды. Осыған орай Астана балабақшаларында ерекше мерекелік шаралар өтті. Тәрбиешілер балдырғандарға тазалықтың мәнін түсіндірді. Мейрамның кең көлемде аталып өтілуіне үлес қосты. Балабақша тәрбиеленушілері ән айтып, би биледі.

Фатима ЖҰМАБЕКОВА, Л.Н. ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕҰУ ПРОФЕССОРЫ:

Өткізілген Наурыздарға қарағанда биылғы жылдың мән-мағынасы, мазмұны жаңарды. Өткізу әдіс-тәсілдері жаңарып жатыр. Соның бір айғағы ретінде бүгінгі іс-шара, «Арман» балабақшасында өтіп жатқан, балалар үшін де, ата-аналар үшін де, әсіресе педагогтар үшін жаңа тың идеялардың, өзгеше бір қарқынды. Біз бұрын Ұлыстың ұлы күнін жас ұрпақтың санасына енгізетін болсақ, бүгінгі таңда оның тың жолдары іздестіріліп жатыр.

Наурыз – ежелден тазару мейрамы. "Ескі жыл, есірке, жаңа жыл, жарылқа" деп жақсы тілек тілеп, бір серпіліп, бой жазатын, ішкі тазалық пен сыртқы тазалыққа тағы бір мән беретін күн.