$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алматыда халықаралық «Наурыз Фест» фестивалі өтті

21.03.2024ж. 15:00
452
Алматыда халықаралық «Наурыз Фест» фестивалі өтті

Алматыда Наурыз мерекесі ерекше сән-салтанатпен өтуде. Мегаполисте «Наурыз Фест» халықаралық фестивалі өтті. Оған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Бұл шығармашылық шара Наурыз мейрамын тойлайтын елдердің – мәдениеті мен дәстүрін бір шаңырақ астына біріктірді. Мерекенің бел ортасынан әріптесім Мөлдір Жақан тікелей байланысқа шығады. Мөлдір, білуімше Алматыда жаңбыр құйып тұр. Халықтың көңіл-күйі қалай?

Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Рахмет, Бекболат! Алматыда нөсер жауын. Дегенмен халықтың көңіл-күйі көтеріңкі. Біз қазір Абай алаңына келдік.

Мұнда халықаралық «Наурыз Фест» фестивалі өтті. Оған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Бұл шығармашылық шара Наурыз мейрамын тойлайтын елдердің – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Түркия, Моңғолия және Башқұртстанның мәдениеті мен дәстүрін бір шаңырақ астына біріктіреді. Шетелдік қонақтар өздерінің декоративті-қолданбалы өнер туындыларын, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын таныстырып, халық әндерін шырқады.

Алматыдағы дүбірлі тойға шетелден арнайы келген қандастарымыз да бар. Зуай Даутхан Қытай Халық республикасының тұрғыны. Үрімшіде де Наурыз мейрамын үзбей тойлайтын ол шаһарымыздағы шаралардың ұйымдастыру деңгейін жоғары бағалады.

Зуай ДАУТХАН, ҚЫТАЙ ХАЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Осы Наурызда болғанымды қатты мақтаныш санаймын. Осы Наурыз арқылы осы Қазақстан еліндегі жалпыиқазақтарға, өзіміздің ұлттарға Наурыздарыңыз қабыл болсын, ұлыс оң болсын деген тәлегімді білдіремін. Қай жерде жүрсек те ел аман, жұрт тыныш болсын.

Күміс көмей, жез таңдай әншілер мен өнерпаздар қала тұрғындары мен қонақтарын таңнан бері әсем ән мен тәтті күйге бөлеп жатыр.

Лесхан БЕКБОЛСЫН, “ЖЕРҰЙЫҚ” ЭТНОАНСАМБЛІНІҢ МҮШЕСІ:

Сезім өте тамаша. Өйткені бізге халықтың көңіл-күйі өте тамаша әсер береді. Біздің өнерімізбен халықты баурап, бәрі фотоға түсіп, бізбен бірге қосылып ән шырқаған кезде мүлдем бөлек сезім. Ол сезімді айту мүмкін емес.

Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Алматыдағы мерекелік шаралар мұнымен бітпейді. Түрлі жәрмеңкелер мен көрмелер де ұйымдастырылып жатыр. Ал мерекелік концерттер кешкі 10-ға дейін жалғасады. Біздегі бар ақпарат осы. Бекболат, сөз өзіңізде.....