Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Әз-Наурыз мейрамы Тобыл өңірінде де ерекше тойлануда

21.03.2024ж. 20:00
684
Әз-Наурыз мейрамы Тобыл өңірінде де ерекше тойлануда

Ұлыстың ұлы күнін Тобыл-Торғай жұртшылығы да ерекше тойлап жатыр. Наурыз мейрамын облыстың бірқатар аудандары кеңінен атап өтті.Ал Қостанайдағы «Қонай», «Әуежай» және шаһар шетіндегі шағын ауданда ақшаңқай киіз үйлер тігіліп, тұрғындар шат-шадымен болды. Әріптесім Заңғар Санай байланысқа шығып, баяндап бергелі тұр. Заңғар, сіз эфирдесіз.

Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:

Кеш жарық, Дастан. Сайын дала төсіне көктем келсе де, салқын ызғар кеткен жоқ.Пұшпақ тымақ киіп, пұшайман болып тұрғаным сол. Қар көбесі сөгілмесе де, қаланың бірнеше шағын ауданында Ұлыстың ұлы күні ерекше тойланды.

Әуежай шағын ауданында тұңғыш рет он екі қанатты ақ орда бой көтеріп,әлеумет мәре-сәре болысты. Ұлыстың ұлы күнін тойлауға бұл төңіректің тайлы-тұяғы қалмастан түгел жиылған.Тұрғындар Әз-наурыз мерекесіне арналған концерттік бағдарламаны тамашалап, спорттық сайыстарға қатысты.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Бала-шағаммен келдім.Қызым, немерем, ұлым, келінім бәрі қызықтап жатыр.Бәрі жақсы.Осы наурыз бәрімізге құт-береке әкелсін.Біріншіден халқымызға, елімізге тыныштық берсін.
- Біздің тұрғындар бәрі қуанышты, бәрі көңілді.Бәріне ұнап жатыр.Осы Аэропорт тұрғындарымен бірге ұлттық ойындарымызды ұлықтап,тамаша көңілді кеш жасап отырмыз.

Шаһар шетіндегі «Қонай» қонысындағы тұрғындар да Наурыз мейрамын тұңғыш рет тойлады.Жаңадан бой көтерген шағын аудан жұртшылығы бұл күні бір-бірімен танысып, біте қайнасып бір табақтан дәм татты. Ал қала орталығында ақшаңқай үйлер сап түзеп, ертеңгі дүбірлі күнге сақадай сай тұр.

Аида БАЖИРОВА, ҚАЛАЛЫҚ ӘКІМДІКТІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Жыл басы- Наурыз мейрамы он күн бойы облыс көлемінде кеңінен тойланды.Бұл күндері ұмыт бола бастаған салт дәстүр салтанат құрып, ұлттық спорт, ұлттық киім ұлықталды.

Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:

Ұлыстың ұлы күні қала орталығына шоғырланған қалың жұрт қолөнершілер көрмесін тамашалап, өңір таланттарының өнеріне тәнті болмақ.Білектілер, қол күрестіріп, мықтылар қой көтереді. Жастар арқан тартысып, асық атысып тарқасады. Жарыс жеңімпаздарына бағалы сыйлық беріледі.

Дастан, астықты аймақ тұрғындары жаңа күнді осылай жарылқап, жарқын көңіл, жақсы пейілмен қарсы алып жатыр.