Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Үкіметтегі кино

AstanaTV
21.01.2017ж. 20:00
2815
Үкіметтегі кино

Осы аптада үкіметте талқыланған бір мәселе – кино. «Ел ағаларынан» бұл режиссер Рүстем Әбдіраштің сөзі, олар «басына тартсаң, аяғына да жететін дұрыс бюджет» бөлуді сұрайды. Аталған режиссер «Енді мен әкем туралы фильм түсіріп жатқам жоқ. Ол бүкіл халқымыздың тарихы. Осы жерде отырған барлық азаматтың тарихы» деген. Бірнеше сауал бар: 1. Біздің киноның деңгейі. 2. Көптеген себептерге байланысты біз үшін аса қажет, тарихымыз туралы киноларға үнемі ақша бола ма? 3. Өзімізде ғана емес, өзгелерге де «өтетін» коммерциялық кино түсіре аламыз ба? 4. Біздің режиссерлердің талантты екеніне күмән жоқ. Бірақ ... блокбастерді «Голливудтан» артық түсіре алмайтынымыз анық ғой. Сондықтан төбелессіз-ақ қадірлі француз киносы сияқты нәзік, юморға толы, стильді кино? Үкіметтегі кино туралы Айгүл Әдепбай.

 Олжас Куандықов, «Астана Синема» кинотеатрының директоры:

Ресейлік компаниялар өздерінің міндеттемелерін қояды. Ресейден келген ресейлік киноларды оларды кешкі уақытқа қоясыңдар, қоймасаңдар жақсы киноларды бермейміз деп қорқытады.

Ресейлік компаниялар Қазақстан нарығына кино шығарушы негізгі прокатшылар болғандықтан оларға «әй» дейтін әже жоқ. Қайта отандық кинотеатрларға «қой» деп, қожа болып отыр. Яғни халыққа ыңғайлы прайм-тайм уақыт солардың қолында. Қазақша киноның не таңға, не түнге қойылатыны содан. Қазақ киносының дамуына бұл да тұсау.

Гүлнәр Әбікеева, киносыншы:

Нарыққа кіргелі бері біз бақылаудан айырылдық. Біздің кинотеатрларды Ресей желілері иемденген. Біз өзіміз сатып алмаймыз, Ресейден аламыз, ол ыңғайлы. Өйткені аударып әлек болудың қажеті жоқ. Қазақстанның прокатында біз қожайын емеспіз.

Министр Арыстанбек Мұхамедиұлы бұл жолы да ерекшеленіп, министрлерге кино көрсетті. «Біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп, отандық фильмдердің үзінділерін тізді.

Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық әртісі:

Бақытжан Әбдірұлы, көп жағдайлар сіздерге баланысты болады. Смета бекітіледі, соны кейде автоматты түрде жартысын қырқып тастайды, мынау минфин. Сосын жартысын өздерің табыңдар дейді. Қайдан табамыз?

Ақан Сатаев, режиссер:

Бізде прокатқа шығатын шетелдік фильмдерге белгілі бір квота беру керек. Ресейде мысалы, көрсетілімге шығатын фильмдердің 20 пайызы отандық өнім болуы керек деген талап бар.

Өзіміздің кинотеатрларды отандық өніммен толтырайық деген күннің өзінде қауқар жоқ. Режиссер Ақан Сатаев Қазақстанның кино әлемін Нидерландымен салыстырды. Өйткені ол елде де 17 млн халық бар екен. Бірақ киноэкран саны 900, оларда кино көретіндердің саны 33 млн және шығатын фильмдерінің саны 55. Бізде 250 экран, 9,5 млн. көрермен және 30 отандық фильм. 

Олжас Куандықов, «Астана Синема» кинотеатрының директоры:

Киноның көбі орысша келеді. Айына 1-2 кино қазақша келетін шығар. Кейде тіпті келмей қалады. Келіп жатса, сұраныс болып жатса, қоямыз ғой.

Нарық шағын. Аудандық жерлерде кинотеатрлар жоқ дерлік. Оларға салу керек, -десті режиссерлер. Және де кино өндірушілер мен оны прокатқа шығарушыларды қосымша құн салығынан босатуды сұрады. Немесе шетелдік фильмдер билетінің құнын қымбаттату керек деген ұсыныс айтты. Дегенмен, түйткілдердің түйінін теңгеге тіреді, режиссерлер.

Рүстем Әбдіраш, режиссер:

Ел ағалары, қолдап, осы жолы дұрыс бюджет беріңіздерші. Өйткені қиналып жұмыс істейсің. Аяғына тартсаң, басына жетпейді. Басына тартсаң, аяғына жетпейді. Енді мен әкем туралы фильм түсіріп жатқам жоқ. Ол бүкіл халқымыздың тарихы. Осы жерде отырған барлық азаматтардың тарихы.

Алайда мәселе ақшада ғана емес сияқты. Қаржы бөлінбей жатқан жоқ, киноға. 2014 жылы 4 млрд 700 млн, 2015 жылы 6,5 млрд. және 2016 жылы 3 млрд 300 млн теңге қаралған.

Гүлнәр Әбікеева, киносыншы:

Кино бүгінде сандық/цифрлы/ – ол қымбат емес. 6 млн долларға көптеген кино түсіруге болады. Біз қазақ киносының қорын түсінбейміз. Кино стратегиясы, мәдениет саясаты жоқ. Балалар үшін, жастар үшін, ересектерге, ішкі нарыққа, сыртқы нарыққа деп бөлу қаралмаған. Кім не түсіреді, аяқ асты түсіріле салады. Бұл Қазақстан киносының басты проблемасы.

Шығын студиялар өз бетінше тырыштанады, «Қазақфильм» өз алдына бөлек. Менеджмент деген мүлдем жоқ, деп салды, киносыншы.

Гүлнәр Әбікеева, киносыншы:

Біз коммерциялық кино түсіре аламыз, бірақ оны ары қарай нарыққа шығару жоқ. Канн, Берлинде, Венецияда, Америкада өтіп жататын кинофестивальдерде біз жоқпыз. Отандық фильмдерді шетелге сата алатын қазақстандық дистрибьюторлардың сейлс агенттігі жоқ. Ағылшын тілді менеджерлер де жоқ, киноны шетелге шығаратын. Мысалы, «Алмас қылыш» тек ішкі нарық үшін түсірілді. Шетелге қалай шығарымз деген жоспар әу баста болған жоқ. Ол бағытта жұмыс жүрмейді де. 

Дегенмен киносыншы Гүлнәр Әбікееваның айтуынша, қазақ киносының шетелде имиджі жоғары. Біз жылына  20-25 картина шығарсақ та, сол кезеңде 100-150 фильм түсеретін Ресеймен тереземіз тең екен. Потенциал жақсы, дейді маман. 

Гүлнәр Әбікеева, киносыншы:

Бірақ өкінішке орай бізде, Қазақстанда өзіміздің отандық киноға деген көзқарасымыз шетелдегідей емес. Біз оны екінші сұрыпты деп санаймыз. Біз америкалық, француздық, ресейлік кино жақсы, ал біздікі екінші сұрыпты деміз. Неге олай? Мүмкін патриоттық сезімнің жоқтығынан шығар.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрі:

Сапалы фильм түсіру үшін тиісті қаржы керек. Түсінемін, Голливуд пен Болливуд деңгейіне жеткен жоқпыз, сондықтан тұжырымдама аясында киноиндустриясына беріліп жатқан қолдау бойынша біздің позициямызды қайта қарау керек шығар. Кейбір жерде жұмысты соңына дейін жеткізбеген болармыз. Министрмен тағы бір қарап шығу керек. 

Олжас Куандықов, «Астана Синема» кинотеатрының директоры:

Заң болу керек. «Қазақфильм» болсын, басқа кино қауымдастығы болса да, қолға алып соны бақыласа, қандай кино көрсетеміз, қазақ тілді киноны басым көрсетеміз, тәрбиелік киноны басым көрсетеміз десе, халық та қандай кино көрсетіп жатыр деп, соған келеді деп ойлаймын.

Айгүл Әдепбай, тілші:

 Бізде тіпті кинематография туралы арнайы заң да жоқ. Енді әзірленіп жатыр. Мамыр айында Парламентке түседі екен. Заң қабылданса кино әлеміндегі біраз мәселе шешіледі,- деп сендірді министр Арыстанбек Мұхамедиұлы. Алайда кинопрокат көлеміндегі отандық фильмдердің үлесі алты-ақ пайыз екенін ескерсек, үкіметтегі кино туралы сюжетті оптимистік реңкте аяқтай алмаймыз-ау...

Айгүл Әдепбай, Ришат Асқарбекұлы, Данияр Әлімқұлов, Самат Орынбаев «Біздің уақыт».