$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Отбасы институтының іргетасы...

AstanaTV
21.01.2017ж. 20:00
Отбасы институтының іргетасы...

«Ерлі-зайыптылардың ажырасуының басты себебі - статистикаға қарамай-ақ, өзімнің тәжірибеме сүйеніп айтсам, негізінен жұмыссыздық. Мысалы, отағасы жұмыс істемейді, отбасын асырамайды. Ажырасудың 80 пайызының басты себебі - жұмыссыздық пен маскүнемдік». Астанадағы Сарыарқа аудандық сотының судьясы Ләйла Мұздыбаева осылай дейді. Қалған 20 пайыздың себебі не? Жалпы, еліміздегі айырылысу көрсеткіші жаман – былтыр алғашқы 3 айда үйленгендердің жартысы ажырасып кеткен. Мүмкін бізге қазіргі заман жастарының тағансыздығын зерттеп, отбасылық тәрбие әдістерін екшеу керек шығар? Әрине, қазына қаржысы миллиондап тоналатын, тамыр-таныссыз жұмысқа орналасу қиын, өліп-талып істегенде «тиын» төленетін қоғамда адамдарда өзінің болашағына, отбасына сенім болмайды немесе «одан да жалғыз өтейін» деп бойдақ қалады. Екінші жағынан, жалқаулық та жоқ емес. Оның үстіне «жібі түзу қыз жоқ», «дені дұрыс жігіт жоқ» деп келетін бірін-бірі мансұқ етушілікке апарған жағдай қалыптасқан. Оп-оңай тірлікке айналған күрделі институт – отбасы институтының іргетасы апатты үйлер сияқты шіріп жатса...

Айбек Қосан, тілші:

Өткен күндерде таныс, не туыстарының бірі ажырасқалы жатыр, шаңырағы шайқалыпты дегенді естігенде жағасын ұстайтын қоғам, қазір тым көбейіп кеткеніне еті өліп кеткені соншалық, тіпті мән бермейтін болды. АҚШ-ғы Illinois университеті ғылыми орталығының мәліметінше республикамыз әлем бойынша ажырасу көрсеткіші бойынша  9-орында, ал мұсылман елдері ішінде  көш бастап тұр. Жайшылықта үздіктердің қатарында болуды көздегенімізбен, бұл қуанта қоятын статистика емес. Сонымен, отбасылық өмірдің бақытты  басталып, баянсызға айналуының себебі неде?

Еліміз бойынша соңғы  жылдардың ажырасу көрсеткішін қайта қарап шықтық. Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің ақпаратына сәйкес 2014 жылы республика боайынша некеге тұрғандар саны 159 328, ажырасқандар 52 673-ті құрайды. Ал 2015 жылы тіркелгендердің саны азайған, 148 769. Бірақ, "бір болмаймыз" деп шешкендердің қарасы көбейген 53293. 2016 жылы Әділет министрлігінің мәліметіне сәйкес 140 840 жұп тіркелген. 51 775-і "өмір жолымыз бір емес",- деп шешкен.

Халқының саны 1 миллионға жеткен Астанада да жағдай мәз емес. Судья Ләйлә Мұздыбаеваның айтуынша,Сарыарқа ауданында ажырасқан отбасыларының 80 пайызы жұмыссыздық пен ішімдікке салынудың кесірінен ажырасуға бел буады. Судьяның пікірінше, екі қолға бір күрек табылмағандықтан емес, жалқаулық пен немқұрайлық осы жолға жөн сілтейді екен.

Ләйлә Мұздыбаева,  Астана қаласы, Сарыарқа ауданының судьясы:

Ажырасуға өтініш берудің негізгі себебі күйеуінің тұрақты қызмет орнының болмауы. Отбасына тұрақты кіріс әкелмейді. Жұмыс істемейді. Қандай да бір нақты проблеманың болуынан табыс таппай отырған жоқ. Керісінше, жұмыс істеуге ниетінің жоқтығы. Спиртті ішімдіктерге әуес болып, отбасын асырай алмаудың соңы некенің екіге айырылуына алып келеді. 100 пайыздық көрсеткішпен есептесек, 80 пайызының айтар уәжі осы.

"Мінезіміз келіспей қалды" деген сылтау қазір сәнге айналған. Алайда біздің кейіпкеріміз үшін осының өзі арман болып тұр. Ол жолдасын құмар ойындардан 7 жыл бойы шығара алмай келеді. Аты-жөнін атамауды сұрағандықтан, құпия түрде қалдырдық. 

Астана қаласының тұрғыны:

Басында ойнап келді де, ой осылай бір ойын шығыпты. Соған 30 мың салып тастадым,-деді. Мен басында күлдім дағы, ондайды қайталама, ол жаман нәрсе,-дедім. 

Табысты кәсіптің басында жүрген олар үшін бұл қыруар шығын емес еді. Бірақ 30 мыңның соңы 3 миллионға дейінгі қарыздарға әкеледі деп ешкім де ойламаған. Қазір отбасында 3 бала өсіп келеді. Кенжесі өткен жылы дүниеге келген. Отағасының дерті болса барған сайын асқынып барады.

Астана қаласының тұрғыны:

Тапқанның барлығын, машина болды, оның барлығын сатады. Салып тастайды. Сатады. Салып тастайды. Даже маған кредиттер алғызды сол үшін. Қазір ол кредиттердің барлығы төленбей жатыр. Әр банкте 200-300 мыңнан бар.

Кейіпкеріміз мемлекеттік органдарға да жүгінген. Бір қызығы, олар тексеріс жүргізген кезде ойынханалар ғайып болып, лезде жабылып қалатын көрінеді. Қаншама отбасын қиратып отырған бүгінгінің бір дерті осы. 

Астана қаласының тұрғыны:

Қазір де барып қарасаңыз болады. Ол жерде бірде бір надпись жоқ. Біреуінде интернет, біреуінде ломбард деп тұрады. Коридорларда ойын автоматтары тұрады. Компьютер. Компьютердің ішінде әртүрлі файлдарға сақтап қойған... Наркотикті таратқан адамдарға заң бар ғой. Оларға кәдімгідей заңды түрде қаншама жыл бас бостандығынан айыру заңы. Енді бұл да ойын, ойын болғандықтан адамның денсаулығына да, кәдімгідей арбап алғандықтан қандай да бір заңдар қолданылса деп ойлаймын.

Сұхбат аяқтала салысымен Гүлсім айтқан ізбен сол орталықтарды барып көрдік. Барлығы қаз қалпында. Сыртқы атауларына дейін бірдей. Ішіндегі 30-дан астам компьютерге ойындар енгізілген. Қожайындары қас қарайғанын күтіп жүреді. Себебі, кешкісін қалтасына қаражат түскен жігіттер отбасын қуантқанның орнына осы жерді байытуға асық. Кассаға 1000 теңгеден жоғары төлем қабылдайды...
-Ажырасудың себебі не?-деген сұрақтың тек бір жауабы жоқ. Қалтасы қалың, жүзі жарқын, халықтың сүйікті еркелері мен серкелерінің де некесін аман сақтай алмай қалғандары аз емес. Сөзіме дәлел ретінде  голливудтық жұп Анджелина Джоли мен Брэд Питті келтірейін. 12 жыл бақытты өмір сүріп, 6 баланы тәрбиелеп келген отбасы да күйреді. 
Жарынан көңілі қалса да, баласының болашағына немқұрайлы қарамайтындарды қоғам "түтіп жемейді", түсінуге тырысады. Бірақ, біздің елде туғанынан бас тартып, қолдағанның орнына қашып жүрген «әкесымақтар» жетіп артылады. Мысал ретінде Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының статистикасын келтірейін.

2015 жылы алимент өндіру туралы 28 164 құжат қабылданған. 3 айдан астам алимент берешегі барлардың перзент алдындағы қарызы 249,1 млн.теңгені құраған. 2016 жылы 28 365 құжат қарауға алынған. 3 айдан астам берешектердің тізіміне іліккендер 1 552. 170,1 млн.теңгені құраған. 

Жұбайынан теперіш көріп, серігінен соққы алған аналарға көмек беру үшін еліміз бойынша 18 қалада «Аналар үйі» ашылған. Тараз қаласында сұраныстың артуына байланысты 2 орталық жұмыс істеп тұр. Осы уақытқа дейін 115 әйелге пана болаған мекеме қызметкерлерінің айтуынша, көптеген келіншектер намысқа тырысып, алимент өндіруден бас тартады.

Нұрсұлу Дайрабаева, Жамбыл облысы бойынша «Аналар үйі» ҚҚ үйлестірушісі:

Қыздар деген алиментке бергілері келмейді. Бұлардың құқығында ғой. Алиментке беруге жолдарды айтып, қарастырып консультация берген уақытта  бұл қыздар бас тартады.

Айгүл Тойшыбаева да тағдырдың жазуымен осы жердің тұрғыны атанған. Ішкілікке салынған жұбайы баланың көзін құрт десе де, сәбиді дүниеге әкелуге бел буған.

Айгүл Тойшыбекова, «Аналар үйінің» тұрғыны:

Күйеуім маскүнем болып келді. Ішімдегі баланы алдырып таста,- деді. Мен алдыртпаймын,-дедім. Сосын осы жаққа келдім. Баланы өзім асыраймын, қолыма аламын. Күйеуімді алиментке берсем бе деп келдім. Мақсатым баланы аяғына тұрғызу. Ел қатарына қосып.

Болған іс болып, бояуы сіңген соң "қап" деп өкінгеннен гөрі, алдын алу қағидаты бізді өсірмесе, өшірмейді. Бәлкім, көз жасын төгіп, баласымен қалған жалғызбасты аналардың да жағдайын біржақты қылар уақыт келген сияқты. «Өзің ойлап таба алмасаң өзгеден үлгі ала білу де өнер». Мысалы, Тәжікстан парламенті міндетті неке келісім-шартының жобасын талқылап жатыр. Депутаттар бұл амал ажырасу мен қорғансыз қалатын әйелдер санын азайтады деп үміттенеді. Бұдан бөлек, міндетті неке келісім-шарты ажырасқан әйелдерге мүліктік, материалдық қолдаусыз қалмауына кепіл болады.

Баланың бетінен қақпай, айылды тартпай өсірудің соңы да жауапкершілікті сезінбеу өсуге әкеледі,- дейді психолог Аяулым Нүриманова. Соңында жас жұбайлардың шаңырағы көтерілмей жатып шайқалса, таң қаламыз.

Аяулым Нүриманова,  психолог:

Жастарға тәрбие беру барысында отбасындағы рөлін, отбасының маңыздылығын оның құндылықтарын жеткізу өте маңызды. Балаларды өзімшіл қылып тәрбиелейміз. Сен өзің үшін оқу керексің, өзің үшін жұмыс жасау керексің, сен өзіңді өзің қамтамасыз ете алуың керексің. Дегенмен болашақта отбасы болғаннан кейін ол өзінің жанұясы үшін өмір сүре алатындай қылып ертеден құлағына сіңіріп отыру керек. 

Айбек Қосан, тілші:

Материалды эфирге дайындау барысында сандарды да сөйлеттік, бұл проблемамен бетпе бет келген жандардың жасаған қадамдарымен таныстық. Қазіргі қалыптасқан жағдай қуантарлық емес. Тіпті қорқынышты. Ешнәрсеге сенбеу адамдардың ең таза деген сезімін - шаңырақ сезімін сетінете бастағандай...

Айбек Қосан, Данияр Әлімқұл, Айзада Төребекқызы, Назымгүл Күмісбаева, Самат Орынбаев, Ерасыл Құрманғалиев, «Біздің уақыт».