$492.22 €529.38 ₽5.03
×

"Биыл лизингке техника алатын шаруалардың алғашқы жарнасын мемлекет субсидияламақ",- О.Бектенов

26.03.2024ж. 20:00
493
"Биыл лизингке техника алатын шаруалардың алғашқы жарнасын мемлекет субсидияламақ",- О.Бектенов

Елімізде ауыл шаруашылығы техникасының 75 пайызы тозған. Сондықтан лизингке техника алатын шаруалардың алғашқы жарнасын мемлекет субсидияламақ. Бұл туралы бүгін Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында айтты. Осы арқылы шаруалар өздерінің айналым қаражатын сақтап қалуға мүмкіндік алады,- деді ол. Үкімет басшысы көктемгі егіс науқаны бойынша тағы қандай тапсырма берді? Жауапты ведмоства биыл мақта мен бидай алқабын неге қысқартпақ? Толығырақ алдағы сюжетте.

Ел бойынша көктемгі дала жұмыстары мамырда басталады. Министр Айдарбек Сапаровтың айтуынша, ол үшін жан-жақты дайындық жүріп жатыр. Қажетті тұқым қоры бар. Әрі шаруаларға 150 мың тоннадай тыңайтқыш жолданды, - деді министр. Фермерлер дизель отынынан да тарықпауы тиіс. Өйткені энергетика министрлігі қажетті қорды арзандатылған бағамен бөледі деп отыр. Оның литрі - 250 теңге болып бекітілген. Ведмоства басшысы биыл қызылша мен күнбағыс көбірек егіледі деді. Осы арқылы ол әлеуметтік маңызы бар дақылдарды ұлғайтпақ екен. Есесіне бидай мен мақта алқаптары қысқартылады.

Айдарбек САПАРОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:

Күнбағыс сияқты әлеуметтік маңызы бар дақыл алаңын 60 мың гектарға ұлғайту және оларды 1,2 млн гектарға дейін жеткізу керек. Бұдан басқа, қант қызылшасы сияқты әлеуметтік маңызы бар дақыл алаңын 12 мың гектарға ұлғайту жоспарланып отыр, тиісінше, биыл қант қызылшасының ауданы 25 мың гектарға жетеді

Министр осылайша суды көп талап ететін алқаптарды азайтып, су тапшылығы бойынша проблеманың да алдын алмақ көрінеді. Бірақ мұнымен мәселе шешілмесі анық. Себебі ауылшаруашылығы саласында проблема шаш етектен. Егістік алқаптарынан бөлек, шаруалар техникаға да жарымай отыр. Сондықтан өнімділікті арттыру дихандарға оңай соқпай тұр.

Александр БОРОДИН, «ЗУЕВКА» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

Ауыл шаруашылық техникалары тозып тұр. Ал өнімділікті арттыру үшін техника паркін жаңартуымыз қажет. Техникаға төмен пайызбен несие берілу керек. Мен азғана уақыт Америкада оқыдым. Ол жақта 12 жылға процентсіз несие беріледі. Ал біздің елде жағдай мүлдем басқа.Көптеген фермердің кепілге қоятын мүлкі жоқ. Сондықтан техника-паркін жаңарта алмай жүр.

Аталған мәселені шешу үшін үкімет басшысы, ауыл шаруашылығына қажетті техниканы алу үшін алғашқы жарнаны субсидиялауды тапсырды.

Олжас БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Диқандардың жаңа техниканы сатып алуын жеңілдетіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту қажет. Аталған мәселені шешу үшін фермердің өзі төлеп келген алғашқы 15% жарнаның орнына тікелей лизингтік компанияға инвестициялық субсидия салынуға тиіс. Бұл шаруаларға өздерінің айналым қаражатын сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Үкімет басшысы субсидиялау мәселесінде кешіктірмеуді тапсырды. Себебі фермерлердің өздеріне тиесілі субсидиялардың тым кешігіп төленетініне наразылық білдіріп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, Олжас Бектенов Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ұлттық статистика бюросына әкімдіктермен бірлесіп, егіс алқаптарына қатысты нақты статистиканы шығаруды тапсырды. Себебі, егіншілердің арасында суды көп қажет ететін дақылдардың егіс алқаптарын әдейі азайтып көрсету фактілері жиі кездеседі деді. Ол су тапшылығына байланысты қалыптасып отырған күрделі ахуалды одан сайын қиындатып отығанын атап өтті.