Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Павлодарда 7 жастағы қызды анасы мен оның көңілдесі белбеумен қылқындырып өлтірген

26.03.2024ж. 20:00
312
Павлодарда 7 жастағы қызды анасы мен оның көңілдесі белбеумен қылқындырып өлтірген

Павлодарда 7 жастағы қызды анасы мен оның көңілдесі белбеумен қылқындырып өлтірген. Бұл туралы Милана Давыдованың сотында прокурор істің мән жайын жайып салды. Айтуынша, анасы әкесі үйде жоқ кезде көршісімен бірге ішімдік ішкен. Артынша, аймаласып, құшақтасып тұрғандарын қызы көріп қалыпты. Ол шешесінің бұл қылығын әкесіне айтам деп қорқытқан. Алайда, анасы оны аяусыз ұрып соғып, есінен тандырған. Бұнымен тоқтамай, көмекке көңілдесін шақырыпты. Ол да қызды қинап, соңғы демі біткенше қылқындырған.

Гүлмира ТҮЛБАЕВА, ПРОКУРОР:

Анасы Давыдова қолындағы белбеуді Әбілдиновке береді. Ол белбеуді қыздың мойына орап, екеуі екі жақтан қылқындырады. Осылайша, оны тұншықтырған. Сол жерде баланың демі таусылып, көз жұмады. Ал қылмысын жасыру үшін екеулеп, қыздың мүрдесін темір цистернаның астына жасырады.

Бұл қылмысты олар Милананың бауырының көзінше жасаған. Егер анасы мен көңілдесінің қылмысы дәлелденсе, 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Негізгі сот процессі 8 сәуірге жоспарланды. Естеріңізге салайық, сұмдық оқиға өткен жылдың қараша айында болған. Анасы қызының жоғалып кеткенін айтып, дүйім жұртты дүрліктірді. Іздеу жұмысына 500-ден астам адам мен тікұшақ жұмылдырылған болатын. Қыз баланың мәйіті тек екі күннен кейін үйінің қасынан табылды.