Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Қазақстанда құмар ойынға тәуелділіктен емделгісі келетіндер көбейген

Қазақстанда құмар ойынға тәуелділіктен емделгісі келетіндер көбейген

Елімізде құмар ойынның шырмауына іліккендер көп. Дегенмен, одан шығуға талпынғандар саны да артып келеді. Оған дәлел, қазір республикада құмар ойнайтындарды сауықтыратын оңалту орталықтары көбейген. Лудоман екенін мойындап, орталық мамандарының көмегіне жүгінетіндер тек өзіне ғана емес, жақындарына да үміт отын сыйлайды.

Қарағандылық Әлихан құмар ойынға 20 жасынан құмартқан. Ойынға ақша тігуді сыныптастарынан үйреніпті. Ол 5 жыл ішінде бәске 50 млн теңге тіккен. Қазір мойнында қарыз жоқ. Бауыр еті баласы үшін анасы барлық берешегінен құтылған.

Әлихан, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ойын ойнаған кезде бүкіл құндылықтар жойылады. Ұмытамын. Әке-шешем кім, балам бар екен, әйелім бар екенін ұмытамын. Жан достарым бар екенін ұмытамын. Маған тек қана ойын керек болып тұрады.

Әлихан оңалту орталығында бесінші мәрте ем алуда. Бұған дейін анасы мен туыстарының күштеуімен келген. Сондықтан болар ойын құмарлығын қайта жалғастырып отырыпты. Бірақ алғашқы кездегідей ойыннан ләззат ала алмадым, дейді кейіпкер. Бұл жолдың жақсылыққа апармасын сезген соң, ағасының қолдауымен орталықтың есігін өз еркімен ашқан. Қазір ол өзін еркін сезініп, жақындарын бағалауды үйреніп жатыр.

Әлихан, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Иә, ұтатын кез болады. Бірақ ең көбі ұтылатын мезгіл. Мен 20 жасыма оралар болсам, мен ойнамаушы едім. Мен оған мүлде жақындамаушы едім. Менің осы жерде болғаным, менің дұрыс жолға түскенім.

Психологтардың айтуынша, игроман мен лудоманның айырмашылығы бар. Алғашқысына шалдыққандар тәулік бойы компьютерлік ойындарға тәуелді болып, күндіз-түні атыс-шабыс ойындарынан жалықпай, өзін батыр сезінеді. Ал лудомандар құмар ойынға бәс тігіп, ақша тауып жатырмын деп ойлайды екен. Бұл екі дертті де жеңіп шығуға болады, дейді мамандар.

Родика ЦЫГУЛЯ, ПСИХОЛОГ:

Игромания дертінен айығуға болады. Бірақ ол үшін біраз уақыт керек. Дертке шалдығып, орталықтан көмек сұрайтындар әртүрлі сатыда келеді. Сондықтан әрқайсысымен жеке жұмыс жасаймыз. Жалпы бұл сырқатқа шалдығатындар бала кездегі өмір сүру салты әсер етеді. Көбісі өзіне сенімділікті арттыру үшін ойындағы кейіпкер арқылы өзін батыр сезінеді.

Құмар ойынның жетегінде кеткендерді дертінен айықтыруға болады. Бірақ емдеймін деп зиян тигізіп алмау қажет, дейді мамандар. Ең алдымен шырмауға түскендердің жанын түсініп, мамандардың көмегіне жүгінген жөн.

Виталий БОРИСЕНКО, ОРТАЛЫҚ ЖЕТЕКШІСІ:

Қазір біздің орталықта 12 қызмет алушы бар. Олар дәл қазір қайта қалпына келтіру сатысына келді. Мамандардың толық бақылауымен ем қабылдауда. Жалпы, қызмет алушылар бұл орталықта 4 ай психолог мамандармен жұмыс істейді. Сонан соң тағы 3 ай біздің бақылауымызда болады. Орталықтың көмегімен дертінен айығып, қазір бұрынғы теріс қылығынан жиренгендер көп

Мамандардың айтуынша, ерік-жігері әлсіз адам жан-жағына еліктеп, қатарластарының жасаған қателігін қайталайды. Бұл- бала кезден қалыптасатын жаман қасиет. Телефондағы ойыннан бас алмайтын бала өскенде қиындыққа төтеп бере алмай, виртуалды әлеміндегі жайлы өміріне қайта барады. Игроман мен лудомандар осындайдан шығады. Ал оны жеңу үшін мықты күш-қайрат керек.