Елорда іргесіндегі Қоянды ауылын еріген қар суы басты. Ауа райының күрт жылынуы тұрғындарды әбігерге түсірді. Қазір елдімекенде төтеншеліктер тәулік бойы жұмыс істеуде. Баспанасын қарғын су басқан тұрғындарға көмек көрсетілуде.
Динара ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Көшеде резеңке етіксіз жүру мүмкін емес. Қыстай жауған қар дер кезінде шығарылмағандықтан, ауыл іші айдын көлге айналған. Мұнда адам түгілі көліктің өзі әзер жүр.
Ақмола облысына қарасты Қоянды ауылында 5 мыңнан аса тұрғын үй бар. Қазір 108 көшенің біразын су басқан. Тұрғындардың жүріп-тұруына кедергі келтіруде.
Қарали ҚАСЛЕН, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
Су басқанына үш күн болды. Қашанның ішіне кірді міне. Мына ағайындар кеше таңертең келген, содан бері су сорғызып жұмыс істеп жатыр. Сонда да күш бермей жатыр. Су ауланың ішіне толып жатыр. Мына арғы жағын сорғызып жатыр, жаңа айттым мына жағын да сорғызыңдар деп.
Қояндыда қарғын су басқан көшелер тазартылып жатыр. Қауіп құшағында отырғандар бар.
Ауыл әкімінің айтуынша бұған дейін елдімекендегі 5 үйдің ішіне су кіріп, қазір жағдай толық бақылауға алынған.
Сұлтанбай БАҚЫТХАН, ҚОЯНДЫ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ:
Ауа райының күрт жылуына байланысты. Біз жоспарлап арықтарды тазалау, бюджетімізге қарай қарды шығару ауылдан ол жұмыстарды жасадық. Негізгі судың өтінде тұрған көшелердің барлығын қардан тазаладық, алып шықтық. Нақты мына үлерді алып кетеді деп есебін айта алмаймын. Бірақ мүмкін.
Қазір Қоянды ауылында 92 адам жұмыс істеп жатыр. Коммуналдық қызметшілермен бірге Қарағанды облысынан келген әскерилер, Ақмола облысы мен елордалық төтеншеліктер ауылды қар мен судан тазарту жұмыстарына білек сыбана кіріскен.
Сәбит КЕНЖЕБЕК, ЦЕЛИНОГРАД АУДАНДЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Кешеден бастап Қоянды ауылында 78 мың куб су сорылды. Осында 21 техника жұмыс жасауда. 33 мотопомпа, 21 техниканың ішінде 9-ы су сорғыш техника.
Ауылда еріген қар суынан тазарту жұмыстары бір аптаға дейін жалғаспақ. Төтеншеліктер мен ауыл әкімі соңғы үйдің ауласы қалғанша жұмыс жүре береді деп сендірді.