Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

«Қазір су тасқынынан төнетін қауіп сейілді деуге келмейді»,- Қ. Тоқаев

01.04.2024ж. 20:00
222
«Қазір су тасқынынан төнетін қауіп сейілді деуге келмейді»,- Қ. Тоқаев

«Қазір су тасқынынан төнетін қауіп сейілді деуге келмейді». Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық штабтың отырысында осылай деді. Мемлекет басшысы тасқынның алдын алмай, немқұрайлық танытқан жауаптылардың жұмысын сынға алды. Төтенше жағдайлар жылда қайталанбасы үшін Үкіметке тапсырма берді.

Биыл қарғын су дүйім жұртты әбігерге салды. Бұл ауқымы жағынан еліміздегі соңғы 30 жылдағы ең ірі су тасқыны болып отыр. Президент бұл жағдайдың болжам жұмыстары жүргізілмегенінен және салалық мамандардың тапшылығынан туындап отыр деді. Құзырлы мекемелер, яғни әкімдіктер, Төтенше жағдайлар министрлігі, Су ресурстары министрлігі бірлесіп жұмыс істемейтінін айтты. «Жағдай осылай жалғасатын болса, жауапкершілік алудан қашып, жұмысты бір-біріне сілтейтін қызметкерлерді лауазымынан босату қажет»,- деді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мемлекеттік органдар және әкімдіктер арасында нақты әрі тұрақты байланыс алгоритмі жоқ. Тиісті министрлік еліміздің табиғи апаттарға дайындығын қадағалап отыруы қажет. Бұл – министрліктің негізгі мақсаты. Осы мәселеге баса назар аудару керек. Министрлік гидротехникалық және басқа да маңызды нысандардың жағдайын тексеріп, шынайы мәлімет беріп отыруға тиіс.

Баспанасынан айырылып, шығынға белшеден батқан тұрғындардың материалдық мәселесін шешу үшін мемлекет тиісті шаралар қабылдайды. Бірақ ол үшін Үкімет пен әкімдіктердің резервін ғана емес, «Қазақстан халқына» қорының қаржысын да пайдалану қажет»,- деді Президент. Осындай жауапты сәтте еліміздегі бизнес өкілдерін де халыққа қол ұшын созуға шақырды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Апаттан зардап шеккен азаматтарға және аймақтарға барынша қолдау көрсету керек. Бұл дәл қазіргі кезеңде баршаға ортақ міндет. Қарғын судан қатты шығынға ұшыраған батыс аймақтарда ірі кәсіпорындар көп. «Самұрық-Қазына» қорына қарасты компаниялар мен жер қойнауын игерушілер бар. Олар халыққа жәрдем беріп, бүлінген инфрақұрылымды қалпына келтіруге атсалысады деп сенемін.

Жығылғанға жұдырық болғандай көптің басына түскен қиындықты өз пайдасына шешетін азаматтардың бары жасырын емес. Сондықтан Президент су басқан аймақтарда әлеуметтік маңызы бар қызметтер мен азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу мәселесіне ерекше назар аударды. Бұдан бөлек төтенше жағдайларды болжауға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе әзірлеуді тапсырды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Су тасқыны мен өртке қатысты жағдай жыл сайын қайталанады. Тиісті шаралар, негізінен, жағдай орын алғаннан кейін қабылданады. Сондықтан бізге дағдарыс жағдайларын болжаудың нақты тетігі өте қажет. Цифрлық даму министрлігі, Экология, Су ресурстары және Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп жыл соңына дейін барлық ықтимал төтенше жағдайларды модельдеуге, тиісті болжамдар, ұсынымдар мен іс-қимыл жоспарын жасауға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе әзірлеуге тиіс.

Елдегі ахуал кез келген сәтте ушығып кетуі мүмкін. Қазіргі басты міндет – адам шығынына жол бермеу. «Қысқасы, Үкіметке жүктелер жұмыс көп. Талап қатаң болады»,- деді Президент.