$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Парламент сенатының алғашқы төрағасы өмірден өтті

03.04.2024ж. 20:00
541
Парламент сенатының алғашқы төрағасы өмірден өтті

Мемлекет және қоғам қайраткері, Парламент Сенатының тұңғыш төрағасы, «Отан» орденінің иегері, академик Өмірбек Байгелдіұлы дүниеден өтті. Ол 1939 жылы Жамбыл Облысының Қызыл октябрь ауылында дүниеге келген. Саналы ғұмырында түрлі қызметтерді абыроймен атқарды. Еңбегінің жемісті болуына басты себеп атпал азаматтың қарапайымдылығы мен білімге құштарлығы еді дейді әріптестері.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелдінің отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Өмірбек Байгелдіұлы егемендіктің берік іргетасын қаласқан тұғырлы тұлға, Отанымыздың дамуына қажырлы еңбек сіңірген ұлтжанды азамат болды. Қазақстан Республикасы Парламентінің қалыптасуына зор үлес қосты. Ғибратты ғұмыр иесі өзінің нағыз парасатты тұлғаға тән қадір-қасиетімен барша жұрттың сый-құрметіне бөленді. Соңына жарқын із қалдырған Өмірбек Байгелдіұлының есімі мен бейнесі халқымыздың жадында мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын.

Өмірбек Байгелді еңбек жолын өзі туған колхозда жұмысшы болып бастаған. Әр жылдары Жамбыл облыстық атқару комитетінің төрағасы, Жамбыл облысының әкімі, Президент кеңесшісі қызметтерін атқарды. 1996-1999 жылдары Сенаттың алғашқы төрағасы болды. Әр қызметін абыроймен адал атқарды дейді замандастары.

Ирак ЕЛЕКЕЕВ, МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ:

Біздің таныстығымыз анау 90 жылдарда басталды. Ең бірінші екі палаталы кәсіби палата құрылған кезде. Өмірбек Байгелді ағамыз сенаттың төрағасы болды. Қиын мезгіл. Есімде бар. Свет жоқ, 5-6 ай азаматтар жалақысын ала алмай жүрді. Зейнеткерлікке шығатын жасты көбейту керек деген әңгімелер айтылған. Сол кезде осы кісі қарсы болған.

Өмірбек Байгелдіні білетіндер қызметіне адалдығынан бөлек ерекше кітапқұмар болғанын айтады. Шендімін деп көкірегін кермейді, өте байсалды ұқыпты еді дейді. Елінің тарихын терең білетін біртуар азамат болды.

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ, МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ:

Дүниеден халқымыздың бір асыл перзенті, елге сыйлы болған азамат өтті. Ол -Өмірбек Байгелді. Өмірбек Екеуміз көрші ауылда бірге өстік. Жастайынан зерек еді. Бір жағы менің інім еді. Менен кішілеу болатын. Өмірбек Тарихты көп білетін еді.

Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді. Парламент сенатында 16 жыл қызмет атқарған Өмірбек Байгелдінің болмысы әріптестерінің жадында сақталмақ.