$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Астанадан өңірлерге 50 тонна гуманитарлық көмек жіберілді

AstanaTV
04.04.2024ж. 15:07
471
Астанадан өңірлерге 50 тонна гуманитарлық көмек жіберілді

Елімізде су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек көрсету мақсатында волонтерлар да жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды.

«Astana jastary» волонтерлар ұйымы су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға киім-кешек, азық-түлік, гигиеналық заттарын жинап 50 тонна гуманитарлық көмек жіберді. Астаналықтар зардап шеккен аймақтарға қажетті заттарды әлі де жинау пунктеріне тапсырып жатыр. Елордада таңғы 9 дан кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейтін 9 қойма бар.

Қандай заттар қажет екенін өңірдегі орталықтарымызға хабарласып айтып жатыр. Күніне 100-ге жуық волонтерлар келіп көмектесіп жүр. 29 наурыз күні қажетті заттарды жинау бойынша жұмысты бастап кеттік. Көбінесе жастар келеді, - дейді Жастар ресурстық орталығының маманы Сұлтан Өмірғалиев.

Сұлтан Өмірғалиевтің айтуынша, зардап шеккен аймақтағы тұрғындарға көрпе-төсек пен резеңке етік қажет.

Қазір біз киімді жеткілікті түрде жинадық деп айта аламыз. Келген киімдерді сұрыптап, киюге жарамдысын арнайы қораптарға салып жатырмыз. Арасында жыртылған және жұқа киімдер бар. Күн салқын болған соң оларды жөнелте алмаймыз. Ал жыртылғандарын тастауға тура келеді. Көбінесе бізден төсек жабдық пен резеңке етікті сұраған. Көрпе-төсек аз жиналып жатыр, - дейді Сұлтан Өмірғалиев.

Гуманитарлық көмек жинау мекенжайларының жұмыс кестесінде өзгерістер болуы мүмкін. Сондықтан заттарды тапсырар алдында қоймаға алдын-ала қоңырау шалу керек.

Астана қаласы бойынша гуманитарлық көмек қабылдау пункттері:

Петров көшесі, №7 үй;

Қалдаяқов көшесі, №11 үй;

Әл-Фараби көшесі, №16 үй;

Тамшалы көшесі, №24 үй;

Момышұлы көшесі, №26 үй;

Қарасай батыр көшесі, №2 үй;

Уәлиханов көшесі, №25/2 үй;

Жұмабаев көшесі, №21б үй.