$498.34 €519.72 ₽4.85
×

«Нұр Отан» партиясының Павлодардағы филиалы тұрғындардың жылу мәселесін шешіп берді

AstanaTV
24.01.2017ж. 20:00
2053
«Нұр Отан» партиясының Павлодардағы филиалы тұрғындардың жылу мәселесін шешіп берді

Былтыр "Нұр Отан" партиясының павлодарлық қоғамдық қабылдауына 4 мыңға жуық адам көмек сұрап келген. Оның 1 330 оң шешімін тапқан.

Александр Кондауров - өтінішпен келгеннің бірі. Жылыту маусымы басталысымен ол тұратын көпқабатты үйде жыл сайын бір түйткіл шығатынын, әйтеуір пәтердегі температура +18 градустан аспайтынын айтқан. Баспана көгеріп, үйдегі бала-шаға жиі ауыра беретініне шағымданған. Әр қыста қайталанатын көріністен мезі болған отағасы, өткен жылдың соңында партияның қоғамдық қабылдауына шағымданыпты. Бас партияның араласуынан кейін желтоқсанның 15-інде пәтердегі сынап бағаны көтерілген.

Александр Кондауров, Павлодар қаласының тұрғыны:

Жылыту маусымы басталып, жылу әр үйге беріле бастағанда, біздің пәтерлер суып кетті. 2 айдай жүгірдік, түрлі органдардың табалдырығын тоздырып. Тіпті, қала әкімінің орынбасарымен де кездестік. Ақыры «Нұр Отан» партиясының қолдауымен дегенімізге жеттік. Бүгінде үйіміз жып-жылы.

Өз кезегінде партиялықтар тұрғындардан түскен әрбір өтініштің жекелей қаралатындығын айтты. Өткен жылы саяси ұйымның қоғамдық қабылдауына түскен шағымның 35 пайызы оң шешімін тауып, қалғандарына қатысты түсіндіру шаралары жүргізіліпті. Халықпен жұмыстың басты талабы - мәселемен нақты айналысу. Яғни оған жауапты органдардың уәжін тыңдап, тараптарға ыңғайлы жолды таба білу,- дейді партия өкілдері.

Илья Теренченко, «Нұр Отан» партиясы ПО филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

Біз әрбір мәселеге байланысты шағымданушымен кездесіп, оның проблемасын көзімізбен көруге тырысамыз. Әсіресе, коммуналдық сұрақтарға келгенде. Оқиға орнына барып, көрші-қолаңмен тиісті орган өкілінің пікірін білу - маңызды. Сонда ғана ортақ, ыңғайлы шешім қабылданады.