Хиуа – Түркі халықтарының өркениеті өркендеген мекен. Екі мың жеті жүз жылдық тарихы бар көне шаһарда хан, сұлтан, әмірлер жерленген. Мұнда Мұхаммед әл-Хорезми, Әбу Райхан ибн Бируни, Әбу Әли Ибн Сина секілді аты әлемге тараған құламалар еңбек еткен. Қазақтың ұлы тұлғалары да осы жерден тәлім алған. Мемлекет басшысы Өзбекстанға жұмыс сапарымен дәл осы Хиуа қаласына барды. Қасым-Жомарт Тоқаевты ел Президенті Шавкат Мирзиеев ыстық ықыласпен қарсы алды. Ұлттық аспап, арнайы кілем, гүл шоқтары. Бұл үлкен құрметтің белгісі. Мұнан соң қос ел басшылары өнерпаздардың тартуын тамашалады.
Екі ел басшысы Өзбекстан жеңіл өнеркәсібіндегі үлгілі кәсіпорындардың бірі саналатын «HIVA» кілем тоқу фабрикасын аралады. Қос тарап басшыларына акрилден иірілген жіп өндіру цехы, кілем тоқу цехтары және дайын кілем үлгілерінің шоу-румы көрсетілді. Фабрика кілемдері ішкі нарыққа сатылады, сондай-ақ ТМД елдеріне, Қытай мен АҚШ-қа экспортталуда. Бұдан өзге, екі ел басшысы бейресми кездесу өткізді. Келіссөз барысында мемлекеттер басшылары Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау мәселесіне ерекше назар аударды. Екі ел үкіметі қол жеткізген уағдаластықтарды жүзеге асыру ісі бойынша талқылау жүргізді.
Әділ КАУКЕНОВ, САЯСАТТАНУШЫ:
Екі ел басшыларының бейресми кездесуі жұмыс сапарының ең маңызды бөлшегі. Айта кету керек, Өзбекстан - біздің стратегиялық серіктесіміз. Шарттық - құқықтық база өте кең. Екіжақты байланыстарды одан әрі нығайту жоспарлануда. Кездесу барысында Мемлекет басшысы 2034 жылға дейін Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық әріптестік пен одақтастық бағдарламасын қабылдауды қолдады. Экономика саласында да бәрі өте жақсы. Осылайша, тауар айналымының көлемі 4,4 млрд долларға тең. Бұл – өте жақсы көрсеткіштер. Оны 10 миллиард долларға дейін ұлғайту жоспарында. Мұның барлық алғышарттары бар.
Мұнан соң қос тарап басшылары шаһардың тарихи орындарын аралады. Қала орталығындағы «Ишан-қала» қалашығына барды. «Ишан қала» ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне Орталық Азиядан енген алғашқы ескерткіш саналады. Мемлекеттік тарихи-археологиялық музей-қорығында 400-ге жуық тұрғын үй ғимараты, сондай-ақ алпысқа тарта тарихи және сәулет ескерткіші орналасқан. Мемлекеттер басшыларының қалашыққа экскурсиясы «Ата дарбаза» қақпасынан басталды. Мәртебелі мейманның құрметіне орай өзбек халқының ән-күйі шырқалып, театрландырылған көрініс қойылды. Одан әрі олар «Куня Арк» кешенін, Шерғазы хан медресесін, Мұхаммед әмин Инақ медресесін, Жұма мешітін және «Таш хаули» кешенін аралап көрді. Кейіннен Нұролла бай сарайына барып, Хиуа хандығының бас уәзірі болған Сейіт Ибрагим қожаның үйін, «Беш хаули» кешенін, сарайдағы басқа да бөлмелерді, қонақ күтетін үй-жайларды аралады. Содан соң президенттер «Өзбек-қазақ суретшілерінің туындыларындағы халықтар бірлігі» бейнелеу өнері көрмесін, «XIX-XX ғасырларда түсірілген фотосуреттердегі «Хорезм» көрмесін тамашалады. Мемлекет басшысы қаланың туристік потенциялы артып келе жатқанын айтты. Көнеден сыр шерткен шаһарды тамашалауға былтыр 500 мың саяхаттаушы келген. Барлығы қаланың мұнтаздай тазалығына таңдай қағып, көне шаһар болса да ұқыптылығына тәнті болады.
Нұргелді Әбдіғаниұлы, САЯСАТТАНУШЫ:
Хиуа, Жалпы өзбек жері Қазақстандықтар үшін туристік мемлекет саналады. Өзбекстанда тарихи нысандар көп. Қазақ пен өзбекті байланыстыратын тұстар жетерлік. Төлебидің жатқаны, Мұстафа Шоқайға мекен болған, Қазақ хандығының астанасы болған Ташкент. Хиуада сондай маңызды орындардың бірі.
Президент ислам өркениеті мен сәулет өнерінің жауһары саналатын Хиуа қаласында өткен кездесудің символдық мәні бар екенін, барлық бағыт бойынша табысты дамып келе жатқан екіжақты ынтымақтастыққа көңілі толатынын жеткізді. Бейресми кездесу болса да Өзбекстан тарапы аса үлкен құрмет көрсетті. Қасым-Жомарт Тоқаевты Шавкат Мирзиеев өзі шығарып салды. Жалпы мұндай бейресми жүздесулер екі ел арасындағы бауырластықты арттырады дейді мамандар.