$494.87 €520.65 ₽4.91
×

"AMANAT" партиясы 200 тоннадан астам гуманитарлық көмек жеткізді

"AMANAT" партиясы 200 тоннадан астам гуманитарлық көмек жеткізді

Топан су басқан аймақтарға жан-жақтан гуманитарлық көмек көрсетіліп жатыр. «АMANAT» партиясының өзі 200 тоннадан артық жүк жинап, су басқан аймақтарға жеткізді. Ал «Жастар рухының» еріктілері қауіпті аймақтарда тұрғындар мен төтеншеліктерге көмек қолын созуда. Мәжіліс депутаттары қазір су басқан өңірлерде жүр.

Қосшы қаласына қарасты Тайтөбе ауылына Парламент Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин барып, ондағы жағдаймен танысты. Қазір елдімекендегі ахуал тұрақталып, қарғын судың беті қайтқан.

Еділ ЖАҢБЫРШИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Техника, адам ресурстары ауылдың суға кетпеуіне жұмыстанып жатыр. Бұл жерде жағдай тұрақты. Ахуал жақсы деп айтуға болады.

Ал Павлодар облысында тасқыннан зардап шеккен тұрғындармен Мәжіліс дептутаты Нұржан Әшімбетов кездесті. Алдымен Ертіс ауданындағы Ұзынсу ауылына барып, қазіргі жағдаймен танысты. Елдімекенде 14 үйді су басқан. Оның бесеуі тұруға жарамсыз болып қалды. Ал Жалаулы ауылында тасқын қаупі сейілген.

Нұржан ӘШІМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПТУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

4-5 үйге жаңадан үй саламыз деп уәде берді. Уәде болғанда жарамсыз үй деп саналып жатыр. Сондықтан соның орнына жаңа үй саламыз деп басқаларына күрделі жөндеу жасалу үшін бюджеттен қаражат бөлінеді. 3 млн-нан 6 млнға дейін қаражат бөлінеді. Бүгін жергілікті халықпен сөйлестік, ақылдастық. Соған ризашылығын білдіріп жатыр.

Атыраудың Жылыой ауданында үш мыңға тарта тұрғын үй мен әкімшілік ғимаратты су басқан. Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов Қаратон ауылында бөгет тұрғызып жатқан тұрғындармен кездесті. Құлсары қаласынан Маңғыстау облысына 15 мыңдай адам, «Теңізшевройл» компанияcының вахталық кентіне 5 мыңға тарта адам, Мақат ауданына 500-дей тұрғын эвакуацияланды.

Дүйсенбай ТҰРҒАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ФРАКЦИЯ МҮШЕСІ:

Тек қана жергілікті деңгейде емес, республикалық деңгейде шешілетін мәселелерді қарастырып жатырмыз, сұрақтар да сондай туындап жатыр. Қазіргі жағдайға келетін болсақ, жағдай өте күрделі болып тұр. Өздеріңіз де көрдіңіздер талай жерлерді аралап, қай жерде кедергі болып тұрғанын, бөгеттер болып су жібермейтін сондай бір шешімді тез арада қабылдау қажет болып тұр тез арада. Штаб отырысында осындай мәселелерді шешуге тырысамыз.

Бұл қорқынышты кадрлар тасқын су кезінде Шығыс Қазақстан облысы мен Абай ауданы арасындағы жолда түсірілген. Қазір су мөлшері азайып, қауіп сейілді. Тасқын басылған бойда жол бойына еріген суды ағызатын құбырлар орнатылады.

Ұлықбек ТҰМАНШИНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Жергілікті атқарушы органдар жақсы жұмыс істеді. Жолдарды тазалау жұмыстары жүргізілген. Олар суды дер кезінде ағызды, бірде-бір ауыл суға кетпеді. Яғни мұндағылар күз айынан бері дайындық жұмыстарын жүргізіп, су тасқынының алдын алды.

Ал Орал қаласында су тасқыны басталғалы халыққа 256 тонна гуманитарлық көмек көрсетілген. Оның 230 тоннасы- азық-түлік, 4 тоннасы- дәрі-дәрмек.

Абзал ҚҰСПАН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Келіп жатқан гуманитарлық көмектің ешқайсысы да қолды болмайтынына, әрбір келіп жатқан көмектің есептеліп, қатталып, хаттамаға түсіп, мемлекеттік органдардан, мүлік комитетінен келіп, азаматтар араласатындығын көзіммен көріп және елге көрсетіп жатқан жайым бар. Өйткені шын мәнінде де Астанадан келіп жатыр, Астана мәслихатынан, қырғыз бауырлардан келіп жатыр көмек.

Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккендерге 2 500-ден астам волонтер көмектесіп жатыр. Гуманитарлық көмек жинау штабының дерегінше, бірер күнде бауырлас қырғыз елі жіберген көмек келіп жетеді.