Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Келер аптада БҚО-да су деңгейі көтерілуі мүмкін

AstanaTV
09.04.2024ж. 18:09
199
Келер аптада БҚО-да су деңгейі көтерілуі мүмкін

Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов өңірде су тасқынынан келген шығынды есептеу жүріп жатқанын айтты.

«Облыс бойынша қауіп әлі де сейілген жоқ. Орал қаласы және 12 ауданның ішінде 8 ауданда жағдай тұрақтанды. Алайда қазір облыс орталығы мен Жайық бойындағы 4 ауданға (Ақжайық, Бөрлі, Теректі, Бәйтерек) қауіп төніп тұр. Осы аудандарда 90-нан астам елді мекен бар», - деді Қ.Айтмұхамбетов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде.

Бұл тұрғыда ол қауіп Ресей аумағынан келетін судан болуы мүмкін екенін айтты. Үлкен су ағыны облыс аумағына 15-20 сәуірде келуі ықимал.

«Жайық бойындағы елді мекендерге бар күшімізді салып жатырмыз. Қолдан жасалған бөгеттер бекітілді. Қазір аталған төрт ауданда және қалада 300-ге жуық арнайы техника жұмылдырылған. Жайық деңгейінің көтеріліп жатқаны байқалып отыр», - деді әкімнің орынбасары.

Оның сөзіне қарағанда, наурыз айында облыс аумағында тез еріген қар мен жауын-шашыннан кейін бірқатар аудан мен Орал қаласында 581 тұрғын үйді су басу фактісі тіркелді. Өңір тұрғындарына келтірілген материалдық шығынды есептеу жұмыстары басталды. Қазір 415 үйге техникалық тексеру жасалды.

«Су тасқыны басталғалы жалпы 7 мың 125 адам қауіпсіз жерге көшіріліп, оның ішінде 3 мың 694 бала бар. Қазір 5 мың 600 адам өзінің тұрғылықты жеріне оралды», - деді Қалияр Айтмұхамбетов.

Сонымен қатар ол су басу салдарынан мал шығыны болғанын айтты. Алдын ала есептеу барасында облыс аумағында 334 бас ірі қара, 1721 бас қой мен ешкі, 54 жылқы қырылды.