Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Ертіс өзені тасуы мүмкін

09.04.2024ж. 20:00
158
Ертіс өзені тасуы мүмкін

Ертіс өзені тасуы мүмкін. Павлодарда тасқынның беті қайтқанмен, өзеннен келер қауіп күшейіп тұр. Қазір елдімекендерде бөгеттерді биіктету жұмыстары жүріп жатыр. Қостанайда да су басуы мүмкін аймақтар ерекше бақылауға алынған. Аймақтардағы жағдайды тілшілеріміз жеткізеді.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Павлодар облысында тасқыннан төнген қауіп сейілді. Десе де арқаны кеңге салуға болмайды. Шығыстағы Бұқтырма және Шүлбі су қоймаларынан Ертіс өзеніне су жіберу жұмыстары басталды. Бұл өзеннің тасуына әкелуі мүмкін.

Биыл қоймадан босатылатын судың көлемі тым көп болады деп болжанып отыр. Мамандардың айтуынша, бұл соңғы 11 жылда болмаған көрсеткіш. Шамамен 6,5 млрд текше метрден асады. Сондықтан, өңір билігі бұған қызу дайындық жасап жатыр.

Асайын БАЙХАНОВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:

Қазір біз Бұқтырма және Шүлбі су қоймаларынан жылда жіберілетін үлкен суды қабылдауға қарқынды дайындық жүргізудеміз. Жайылманың 90 пайызға жуығын су басады. Сондықтан осындай ауқымды көлемде жіберілетін судың нұқсан келтірмей өтуін және өңірдің ауыл шаруашылығы мен қоршаған ортаға пайдалы болуы қамтамасыз ету қалалар мен аудан әкімдерінің басты міндеті.

Ал тасқыннан 38 үйді су басты. Қазір олардың 24-не өтемақы төленді. Қалған 14 үйдің иесіне осы аптаның ішінде шығындар толық өтелмек.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Жалаулы ауылында тұруға жарамсыз болып қалған 5 баспананың орнына жаңа үй салынатын болады. Асау мінезді Тобыл да толқып тұр. Заңғар өзен деңгейінің көтерілуі тоқтады ма? Жауын-шашын кедергісін келтіріп жатқан жоқ па?

Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:

Түске дейін жауған жаңбыр арнасынан асқан асау Тобылдың ағысын күшейте ме деген күдік болды. Бірақ облыстық штабтың хабарламасы күмәнді сейілтіп отыр. Қарамтомар қоймасынан құлдыраған судың қарқыны секундына 2200 текше метрге дейін төмендеген. Екі күн бұрын 3300 болған.

Тоғызыншы сәуір Тобыл өңіріндегі су тасқынына байланысты жағдайдың тәуір болғанын байқатты. Тіпті «шарықтау шегі өтті» деген жағымды жаңалық жарияланды.Әйтсе де әлі де су басу қаупі бар өзен бойындағы Қостанай қаласы, Қостанай мен Меңдіғара ауданы секілді елдімекендер ерекше бақылауда.

Сергей МҰҚАШЕВ,ТОБЫЛ-ТОРҒАЙ БАССЕЙНДІК ИНСПЕКЦИЯСЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚАДАҒАЛАУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

 Өзен суының екі-үш метрге дейін жағалаудан кеткенін байқап отырмыз.Әлжан және Заречный ауылын басқан топан су біртіндеп қайта бастады деген хабар жетті. Елді мекендерде су деңгейі төрт метрге дейін төмендеген. Ал су қоймаларының жағдайы сол қалпы.Ешқандай қауіп жоқ.

Облыстағы Қаратомар, Жоғарғы Тобыл, Желқуар су қоймалары жіті бақылауда. Дәл қазір Қаратомардағы судың ағуы секундына 2200 текше метрге дейін төмендеген.Ал ағынның қарқыны секундына 1950 текше метрге дейін бәсеңдепті.

Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:

Қарғын судың қарқыны басылғанымен қаладағы екі көпір әлі жабық тұр.Шаһарға келетін көліктер орталық көпір арқылы өтіп жатыр.Су тасқынынан облыстағы жиырма төрт автожолды су шайған.Соның тоғызы қалпына келтірілді, қалғаны жөнделіп жатыр. Ал қиындыққа тап болған тұрғындарға біржолғы әлеуметтік төлемдер берілді.Сондай-ақ, демеушілік және гуманитарлық жәрдем көрсетіліп жатыр.