Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Жылу беру маусымы аяқталды

AstanaTV
11.04.2024ж. 08:35
184
Жылу беру маусымы аяқталды

Қызылорда облысы бойынша 2023-2024 жылғы жылу беру маусымы аяқталды. Жылу беру маусымында өңірдегі 1 995 нысанға тұрақты түрде жылу энергиясымен қамтылып, тіршілікті қамтамасыз етуші кәсіпорындар штаттық режимде жұмыс істеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Ізмағамбетов хабарлады.

– Облыс бойынша жылу беру маусымы тұрақты өтті. Дегенмен, қазіргі таңда алдағы жылу маусымына дайындық пен оны өткізу жөніндегі облыстық штаб құрылды. Осыған байланысты барлық жауапты кәсіпорындардың дайындық жұмыстарының кестесі бекітіліп, тиісті жұмыстар жүргізілетін болады. Айта кетейін, биыл жылу желілерін жаңғырту бойынша республикалық бюджеттен 6 жобаға 6,7 млрд теңге қаржы бөлінді. Бұл қаржыға 9,5 шақырым жылу желілері жаңғыртылатын болады. Сондай-ақ, кәсіпорын тарапынан 3,5 шақырым болатын жылу құбырлары ауыстырылады, - деді Бауыржан Ізмағамбетов.

– 2023-2024 жылу беру маусымында Қызылорда қаласын үздіксіз жылумен қамтамасыз еттік. Жалпы, Қызылорда қаласы бойынша 199,05 шақырым жылу желілері бар. Бүгінде олардың тозу көрсеткіші 45,1 пайызды құрап отыр. Қала бойынша орталықтандырылған жылу жүйесіне барлығы 1 621 нысан қосылған. Оның ішінде 808 көпқабатты тұрғын үй, 262 жеке тұрғын үй, 50 мектеп пен 308 шаруашылық нысаны, сонымен қатар, бірнеше мекеме бар. Сондай-ақ, қаладағы жылу желілерінің тозу көрсеткішін азайту мақсатында жалпы ұзындығы 9,5 км құрайтын жылу желілерін қайта жаңғырту жоспарлануда. Ол үшін тиісті қаржы бөлініп, мердігер мекемелер анықталды. Айта кетейін, 2024 жылдың 15 сәуірінен мамырдың 15-іне дейінгі уақыт аралығында қаладағы жылу желілерінде 16 кгс/см2 дейінгі қысыммен магистральдық және 12 кгс/см2 ауданаралық жылу құбырларының тығыздығына гидравликалық сынақ жүргізіледі. Сонымен қатар, қаланың оңтүстік ауданындағы жылу желілерінде де ең жоғары температуралық жылу тасымалдағыш сынағы өткізіледі,- деді Қызылорда жылу электр орталығы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын директорының міндетін атқарушы Наурыз Сатханов.