Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Қостанайлықтарға бір реттік әлеуметтік төлем беріле бастады

AstanaTV
11.04.2024ж. 12:20
221
Қостанайлықтарға бір реттік әлеуметтік төлем беріле бастады

Су тасқынынан зардап шеккен қостанайлықтарға бір реттік әлеуметтік төлем беріле бастады. Бұл туралы Қостанай облысы әкімінің орынбасары Арман Әбенов айтты.

«Су тасқыны жағдайы тұрақты мониторингте тұр. «Қаратомар» су қоймасынан су ағызу секундына 900 текше метрге дейін төмендетілді. Сондай-ақ су ағыны секундына 1 382,5 текше метрге дейін азайғаны байқалады. Еріген қар суы басқан аймақтардан 9 099 адам эвакуацияланды. Сонымен бірге бүгінде Қостанай облысының оңтүстігінде су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үйлеріне оралуда. Торғай ауылындағы эвакуациялық пункттерде тұрған барлығы 600-ден астам ауылдарына оралды. Мұндағы барлық эвакуациялық пункт жабылды», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Оның дерегінше, су тасқыны орын алған сәттен бері облыста 850 мың текше метр су сорылды. 98 мыңнан астам құм салынған қап төселді. 7,5 мың тоннадан астам инертті материалдар салынды. 423 техника, 136 мотопомпа, 27 жүзу құралы, 4 әуе кемесі жұмылдырылған. Халық азық-түлікпен, дәрілік заттармен толық қамтамасыз етілген.

«Су тасқынан зардап шеккендердің бәріне көмек көрсету жұмыс жалғасып жатыр. Бірреттік әлеуметтік төлем беру басталды. Сонымен қатар демеушілік және гуманитарлық көмектер көрсетіліп жатыр. Бүгінде 686 отбасыға 126,6 млн теңге сомасында әлеуметтік көмек төленді», - деді Арман Әбенов.