Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

4,5 мың кәсіпкерге 1,5 миллион теңге грант беріледі

11.04.2024ж. 20:00
119
4,5 мың кәсіпкерге 1,5 миллион теңге грант беріледі

Мемлекет жұмыссыз жүргендерге ақша береді. Биыл 4,5 мың кәсіпкерге грант бөлу жоспарланған. Оның жалпы сомасы – 400 айлық есептік көрсеткішке тең. Яғни, 1,5 миллион теңге. Қайтарымсыз теңгені кімдер ала алады? Оған қандай кәсіп ашуға болады? Толығырақ Аружан Задабек түсіндіреді.

Кәсіп бастағысы келіп жүргендердің бірі – Әйгерім Алтаева. 4 жылдан бері шетелден тауар әкеліп сатады. Өзінің тұрақты тұтынушылары да бар. Әзірге жұмысын онлайн дөңгелетіп отыр. Ендігі мақсат – оффлайн дүкен ашу. Бірнеше рет мемлекет беретін грант алуға өтініш тастаған. Бірақ нәтиже болмады. Енді бизнес жоспарымды қайта пысықтап, іске кірісемін, - дейді.

Әйгерім АЛТАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Қытай және Түрік елінің арнайы сайттары арқылы киім заказ беремін. Онлайн дүкен арқылы біршама клиент жинап алдым. Енді сол дүкенімді әрі қарай дамытсам деген едім. Астанадан бір магазин ашу жоспарымда бар.

Әйгерім секілді бизнес бастаудың жолын іздегендер көп. Енді осындай кәсібін нәсібіне айналдырғысы келетіндерге мемлекет арнайы грант бөледі. Оны 4,5 мың кәсіпкерге береді. Үміткерге қойылатын бірнеше шарт бар.

Бұл қаржыны тек мүмкіндігі шектеулі жандар, ерекше баланы тәрбиелеп отырған ата-ана, қандастар мен асыраушысынан айырылған адамдар алады. Аз қамтылған отбасы мүшелері мен көпбалалы үйден шыққан тұрғындар және өңіраралық қоныс аударғандарға да өтініш тастаса болады.

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ:

Комиссия шешімі үміткердің Порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі. Комиссияның оң шешімі болған жағдайда үміткер банк деректемелерін ұсынады. Шартқа қол қояды және одан әрі тоқсан сайын қаражаттың пайдаланылуы туралы есеп береді. Мұның бәрі Еңбек мобильділігі орталықтары мен оның филиалдарына бармай-ақ, электронды форматта жасалады.

Шарт мұнымен бітпейді. Грант алу үшін жұмыссыз деп тіркелу керек. Үміткер «Бастау Бизнес» жобасын оқыған, сертификаты болуы – маңызды. Қаражат қатысушыға бір рет қана беріледі. Ал, өтініш тастау оп-оңай. Халыққа қызмет көрсету орталығына сабылып қажеті жоқ. Бәрін онлайн реттеуге болады. Экономист Бауыржан Ысқақов бұл жастарға берілген мол мүмкіндік, - дейді.

Бауыржан ЫСҚАҚОВ, ЭКОНОМИСТ:

Енді қазір мемлекет тарапынан жастардың жаңадан бизнес ашуына, олардың жобаларына бағытталған арнайы мемлекеттік бағдарламалар көп екені рас. Оның ішінде сол арқылы кәсібін дөңгелетіп, екі қолға бір күрек тауып жатқандары да жоқ емес. Әсіресе, бұл – әлеуметтік аз қамтылған немесе ауылдық жерлерден қалаға келіп, бизнес ашуға мүмкіндігі аз адамдарға беріліп отырған жақсы мүмкіндік.

Берілген қаржыны оңды-солды шашуға болмайды. Нақты талап бар. Грант ақшасын тек құрал-сайман, технологиялық жабдықтар алуға жұмсай аласыз. Одан бөлек, мал алып, көшет отырғызуға, жалға алу ақысын төлеуге рұқсат бар. Бірақ миллион қолыма тиді екен деп несие жауып, үй алуға тыйым салынған. Негізі құжат қабылдау бүгін басталуы тиіс еді. Бірақ өтініштің көп түсуіне байланысты уақыты өзгерді.