Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Ұлттық ұланның 1200-ден астам сарбазы су тасқыны болған аймақтарға көмекке аттанды

AstanaTV
12.04.2024ж. 10:41
324
Ұлттық ұланның 1200-ден астам сарбазы су тасқыны болған аймақтарға көмекке аттанды

Қазақстанның батысы мен солтүстігіндегі су басқан өңірлерге көмек көрсету үшін ҚР ІІМ-і Ұлттық ұланның 1200-ден астам жауынгері жіберілді, деп хабарлады ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, бүгін су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың жұмыс кеңесі өтті. Күн тәртібінде су тасқынының екінші толқыны болуы мүмкін батыс өңірлердегі жағдай басты мәселе ретінде қаралды.

Премьер-министр Олжас Бектеновтың тапсырмасы бойынша Атырау, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының тұрғындарына көмектесу үшін Ұлттық ұланның күштері мен құралдары жіберілді. Үкімет басшысы облыс әкімдіктеріне келетін әскери қызметшілерді барлық қажетті заттармен қамтамасыз етуді, сондай-ақ техникаға жанармай құю мәселесін шешуді тапсырды.

Мынадай әскери бөлімдердің жеке құрамы мен техникалары қосымша күш ретінде жіберілді: 6506 әскери бөлімінен (Шымкент қ.) 300 әскери қызметші мен 15 автомобиль Қызылорда арқылы жолға шықты, оларға кейін 5547 әскери бөлімінің 200 әскери қызметшісі қосылды және одан әрі олар Орал қаласына дейін темір жол көлігімен 1500 шақырымнан астам жол жүріп өтеді. Шымкент жедел бригадасының су тасқыны зардаптарын жою жөніндегі жиынтық отрядын тыл бойынша құрама командирінің орынбасары подполковник Сағдат Қапашев басқарды.

- Ел үшін қиын уақытта барлығымыз қолда бар күшіміз бен құралдарымызды қолдануымыз керек. Бізге үлкен жауапкершілік жүктелген. Су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету үшін бар күшімізді саламыз, – деді подполковник Сағдат Қапашев.

Сонымен қатар, 5451 әскери бөлімінің (Қарағанды қ.) 500 әскери қызметшісі мен 18 автомобилі темір жол көлігімен Атырау қаласында болып жатқан су тасқынына қарсы жұмыстарға атсалысу үшін аттанды. Жолдың ұзақтығы 2100 шақырымнан асады.

Сонымен қатар, елордалық Ұлттық ұланның жедел бригадасының 200 әскери қызметшісі Астанадан Петропавлға дейін 7 техникамен бара жатыр. 5573 әскери бөлімінің жеке құрамы су басқан елді мекендердің көшелеріндегі баспаналарды ұры-қарыға тонатпас үшін Солтүстік Қазақстан облысында қоғамдық тәртіпті қорғау бойынша жауынгерлік қызмет атқарады.

Айта кетейік, жалпы алғанда, Ұлттық ұланның 2700-ден астам жауынгері мен 120 техникасы және авиа транспорты еліміздің барлық су басқан өңірлерінде белсенді көмек көрсетіп жатыр. Олар су басқан кенттер мен қалаларда патрульдеу арқылы тұрғындардың жеке мүліктерін қорғауды қамтамасыз етуде, жағалауды нығайту жұмыстарына қатысуда, су тасқыны болған елді мекендерде су бұруды және каналдарды тазартуда. Бұдан бөлек адамдарды, жануарларды қауіпсіз жерлерге эвакуациялау жұмыстарымен де шұғылданып жүр.

Бүгінде құқықтық тәртіп әскерлерінің әскери қызметшілері жалпы ұзындығы 10 шақырымнан асатын арықтарды тазартып, инертті материалдары бар 233 мыңнан астам қапшық дайындады.