$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Мәжіліс депутаттары су тасқынынан зардап шеккен аймақтардағы жұмысын жалғастыруда

AstanaTV
12.04.2024ж. 23:42
602
Мәжіліс депутаттары су тасқынынан зардап шеккен аймақтардағы жұмысын жалғастыруда

Мәжіліс депутаттары су тасқынынан зардап шеккен аймақтардағы жұмысын жалғастыруда. Кейбір елді мекендерде су тартылып жатса, кейбірінде тағы да тасқын су келе жатыр. Халықпен кездесуде депутаттар табиғи апаттан келген шығынның қалай қалпына келтірілетінін түсіндіріп, алдағы су тасқынына дайындыққа көмектесіп жатыр.

Мәжіліс депутаттары Еділ Жаңбыршин, Абзал Құспан, Ринат Заитов, Мақсат Толықбай, Нартай Сәрсенғалиев Атырау облысына барып, бөгет соғылып жатқан аймақтарды аралады. Олар тасқын судың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Мұнда ұзындығы 15 шақырымды құрайтын дамба салынып жатыр. Бүгінде оның 8 шақырымы аяқталған.

Депутат Екатерина Смышляева Қостанай облысы Қарасу ауданы тұрғындарының эвакуациялық пункттен өз үйлеріне қайтуына атсалысты. Жергілікті тұрғындармен кездесуде мәжілісмен су тасқынынан зардап шеккендер тұрғындарға қандай өтемақы төленетінін түсіндірді. Ол үшін арнайы комиссия шығынды толық есептейді. Тұрғын үйлері бүлінген азаматтардың тізімін жергілікті әкімдіктер жасайды. Бүгінде Қостанай облысында су тасқыны басылып келеді. 

Депутат Вера Ким Павлодар облысындағы жұмысын жалғастыруда. Ол Атамекен және Кенжекөл ауылы мен Ақсу қаласындағы бөгеттердің, бекіністер мен жағалаулардың техникалық жағдайымен танысты. Мұнда су тасқынының бірінші кезеңі апатсыз өтті. Ертіс өзенінің бойында орналасқан Жоғары Ертіс су қоймаларынан Шығыс Қазақстан облысына судың екінші толқыны келуі мүмкін. Тасқынның алдын алу үшін жағалауларды нығайтуға топырақ әкелініп жатыр.