Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Құлсары қаласының көшелерінен 250 мың текше метр су сорылды

AstanaTV
13.04.2024ж. 16:00
277
Құлсары қаласының көшелерінен 250 мың текше метр су сорылды

Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласын басқан тасқын су әлі тұр. Қазір тасқын суды сору жалғасып жатыр, деп хабарлайды Қазақпарат. 

Құлсары 1954 жылдан бері Жылыой ауданының орталығы болған. Ал, 2001 жылдан бері моноқалалар тізіміне енгізілген. Моноқалада аудандағы 86 939 тұрғынның 66 мыңға жуығы тұрады.

Жылыой ауданы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, 4 сәуірде төтенше жағдай жарияланды. Мұндай шешім қабылдауға Жем өзенінің арнасынан асқан тасқын судың Қарағай елді мекеніне кіргені себеп болған. Сол күні «Доссор-Құлсары» жолының бір бөлігін су шайды.

Ал, 5 сәуірде Жемнің суы Құлсары қаласының ортасымен ағатын Құрсай өзегінің арнасынан асты. Су тасқыны қаупіне байланысты 36 738 адам эвакуацияланды. Оның ішінде 8 382 бала бар.

Құлсарыда 2800-ден астам тұрғын үй мен өзге де нысанды су басты. Мәселен, Жылыой ауданындағы №2 және 9-шы мемлекеттік өрт сөндіру бөлімдерінде жұмыс істейтін 8 қызметкердің үйі тасқын су астында қалған.

«Тұрғындарды құтқару жұмыстарын жүргіздім. Оқиға орнынан кетіп қалуға болмайды. Тіпті су басқан үйіме баруды ойламадым. Өйткені, өзіме тапсырылған міндетті орындауы қажет. Әріптестерім менің ата-анамды, балаларымды су басқан үйден алып шығып, эвакуациялық пунктке жеткізді. Қазір отбасым Маңғыстау облысының Бейнеу ауданына уақытша тұрақтады», - дейді Нұрболат Оразов.

Қазір Құлсары қаласында тасқын суды сору, бөгеттерді нығайту жалғасып жатыр. Бұл жұмысқа 5658 адам, 187 техника, 17 жүзу құралы, 21 мотопомпа тартылған. Осы кезге дейін 250 мыңнан астам текше метр су сорылған.

Аудандық әкімдіктің ақпаратына қарағанда, жергілікті кәсіпкерлер су соруға 42 вакуум бөлген.