$526.5 €611.64 ₽6.72
×

Сирияға байланысты Астана платформасы. Сирия болашағы...

AstanaTV
28.01.2017ж. 20:00
2931
Сирияға байланысты Астана платформасы. Сирия болашағы...

Сирияға байланысты өткен Астана процесі туралы. Қорытындысы «мынау» деп, айтатын нақты ешнәрсе жоқ. Елең еткізетін келісімге келмейтіні әу бастан белгілі болған. Себебі біріншіден, қарулы оппозициялық топтардың бәрі бірдей келген жоқ. Мүддесі бар мемлекеттердің де бәрі қатыспады. Екіншіден, аласапыран соғысты бір кездесудің күшімен тоқтату мүмкін емес. «Үлкен саясат» деген сол, бір адым алға, екі қадам артқа. Тіпті кейде келіссөздер ондаған жылдарға созылады. 

Сонымен кепіл-мемлекеттер – Ресей, Түркия, Иран өкілдерінің мәлімдесін еліміздің Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов оқып берді. Оқ атуды тоқтату режимін қадағалайтын үшжақты механизм құру көзделген. ДАИШ, Джабхат ән-Нусра сияқты радикалды топтармен күрес жалғасатыны айтылған. Келіссөздердің Женевада алдағы ақпанның 8-не жоспарланған келесі раундына қатысамын деген қарулы оппозиялық топтардың ниетін қолдаған.

Қайрат Әбдірахманов, ҚР Сыртқы істер министрі:

Біз Сирия бойынша Астана кездесуін үкімет пен оппозиция арасындағы тікелей диалог үшін тиімді платформа болды деп санаймыз. БҰҰ Қауіпсіздк Кеңесінің 2254 резолюциясы да осыны талап етеді. Біз халықаралық қауымдыстықты белгіленген шараларды іске асыру үшін саяси процестерге қолдау көрсетуге шақырамыз. Біз БҰҰ ықпалдасуымен Астана платформасында белсенді ынтымақтасуға шешім қабылдадық. 2254 резолюциясын іске асырып, ғаламдық процестерге үлес қосу үшін. Біз Қазақстанның президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа, Қазақстанға алғысымызды білдіреміз. Өз аумағында, Астанада Сирия бойынша халықаралық кездесуді қабылдағаны үшін.

Осы кездесуден бір деталь -  Сирияның БҰҰ тұрақты өкілі Башар Джафари үкімет өкілдерінің қарулы оппозиция өкілдерімен жүздесуін сипаттағанда, «өте ауыр болғанын» айтқан. 

Башар Джафари, Сирия Республикасының БҰҰ тұрақты өкілі:

Біз үшін шетелдік бағдармен байланысты, шетелдік күштерге қызмет ететін басқа сириялықтармен бір бөлмеде отыру өте ауыр болды. Олардың кейбіреуі тіпті террорлық акт, шабуылар жасаған. Бірақ біз елімізді, халқымызды құтқару үшін бірге отырамыз.

Астана процесінде ресейліктер оппозициялық топтарға Сирияның болашақ конституциясының жобасын ұсыныпты. Бұл «мәссаған» деген жаңалықты «Газета.ру» порталы жазды. Онда Сирияның зайырлы келбетін,аумақтық тұтастығын сақтау көрсетілген. Бұл Сириядағы күрдтердің бөлек мемлекет құру арманын жоққа шығарады. Ал өз кезегінде бұл Түркия үшін өте маңызды шарт. Себебі күрдтердің Сирия ғана емес, Ирак пен Түркиядан да «жер алып» осы мемлекеттердің арасында мемлекет құрғысы келетіні мәлім. Алайда күрдтер орыстардың жобасын қараған да жоқ, себебі олар Астанаға келген де жоқ. Бірақ келген топтар да «Конституцияны Сирия халқы дайындайды, жалпы жиналу мақсатымыз конституция жобасын талқылау емес» деген.

Оппозиялық топтар Иранды да «жақтырып» отырған жоқ – Сирияда Иранның қарулы топтары бар. Оны шығаруды ойламайды да. Иранның шейіт милициясы мен әскери кеңесшілері Башар Асадты қолдайды.Асадты Ресей де қолдайды. Алайда Мәскеу, Тегеранның Сирия мәселесіне АҚШ-ты мүлдем араластырмау пікірімен келіспейді. Міне, Сирия мәселесінің шиленіп қалғанының себебі – соғысып жүрген қарулы топтар әр қилы, позициялары қарама-қайшы, сыртқы күштердің де ұстанымдары белгілі-бір нүктеге келгенде қабыспайды.

Расул Жұмалы, саясаттанушы:

Жекелеген аймақтарында соғысты тоқтата тұру жүріп жатыр. Соғысты толық тоқтатпаса да, үміт тудырады. Бірақ толыққанды бейбітшілік орнауы неғайбіл. Себебі қарсылаушы топтардың тұғырлары бірін-бірі толықтай жоққа шығарады. Яғни келісу үшін негіз жеткіліксіз. «Ислам мемлекеті» болсын, «Джабхат ән-нусра» болсын... Бұлар Сирияның аумағын толық жаулап алып,  Башар Асадты кетірмей, тоқтамаймыз деген ұстанымнан айырылар емес. Ал сыртқы күштердің арасында да пәтуа, ортақ ой жоқ. Қайта бір-бірін жоққа шығарып отырған жағдайы бар. Құрама Штаттар болсын, Түркия, Иран, Сауд Арабиясы болсын. Олардың да ұстанымдары әрқалай. Сирияда соғыс тоқтаған күнде азаматтық соыс алдындағы Сирияға қайтып келу де күмәнді. Себебі Сирия тұтас мемлекет болудан қалды. 

Еліміз БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше болғасын, «келіссөздер алаңын» ұсыну дәстүрі жаңа реңк алатыны түсінікті. Алайда Сирия «қалай?» деп ойлап үлгермейтін уақытта быт-шыт болудың мүмкін екенін көрсететін мысал. Құрудың. Сондықтан «жарқын мысалдың» кейіпкерлерін көз алдыңда көру... Ал дипломаттар, «жарайсыздар!».

Расул Жұмалы, саясаттанушы:

 Әу бастан керемет жетістіктерге жетуі неғайбіл еді, ол түсінікті. Нақты бір шешімдермен аяқталмағаны Қазақстанның жауапкершілігі емес. Немесе Қазақстан дипломатиясының жауапкершілігі емес. Біздің жауапкершілігіміз оларға келіссөз алаңын беру. Тиісті жағдай туғызу. Бұл тұрғыдан Швейцария сияқты мемлекет бар, өз алаңын ұсынатын, сол сияқты Қазақстан өзінің халықаралық имиджін, осындай алаң бола алатынын көрсеткен ел болды.