Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

«Ереван қаласының бір көшесіне ұлы Абайдың есімі беріледі», - Президент

15.04.2024ж. 20:00
332
«Ереван қаласының бір көшесіне ұлы Абайдың есімі беріледі», - Президент

Еліміз Арменияға шығатын экспорт көлемін 350 миллион долларға жеткізуге дайын. Бұл туралы Ереванға ресми сапармен барған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Қос тарап, әсіресе, өнеркәсіп, құрылыс, көлік-логистика және ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты жандандыруға ниетті. Бұл күрделі геосаяси және геоэкономикалық ахуалды реттеуге көмектеседі. Ширек ғасыр бойы байланысын үзбеген екі мемлекет тағы қандай келісімге келді? Қанша құжатқа қол қойды? Толығырақ Аружан Задабек айтады.

Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Арменияға алғашқы ресми сапары. Президентті Мемлекеттік резиденцияда Премьер-министр Никол Пашинян қарсы алды. Алдымен қос тарап шағын құрамда келіссөз жүргізді. Әрі қарай кездесу ресми делегация мүшелерінің қатысуымен жалғасты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақ-армян әріптестігін жаңа деңгейге көтеруге қатысты бастамаңызды толық қолдаймын. Біз армян халқының терең тарихына, ежелгі мәдениеті мен салт-дәстүріне зор құрметпен қараймыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақ-армян қарым-қатынасының тамыры тым тереңде. Қос ел географиялық тұрғыда қиыспағанымен, тарихында шендес тұстар көп. Әрі биыл осы ежелгі достықтың құжат жүзінде бекіп, сенімді дамып жатқанына 25 жыл. Сондықтан ел Президентінің Арменияға сапары символикалық мәнге ие.

Никол ПАШИНЯН, АРМЕНИЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Сіздің бүгінгі сапарыңыздың маңызы зор. Келіссөздер барысында кең ауқымды мәселелерді қарастырдық. Соның ішінде экономикалық және саяси ынтымақтастықты тереңдетуге, өңірлік ықпалдастықты кеңейтуге баса мән бердік.

Енді Қазақстан мен Армения арасында тікелей әуе рейстері ашылуы мүмкін. Бұдан бөлек, агроөнеркәсіп саласында тауар түрін көбейту көзделді. Көлік саласындағы байланысты да арттыру жоспарда бар. Келіссөз барысында 10 құжат талқыланды. Қос тарап қолдады. Қол қойды.

Жанат МОМЫНҚҰЛОВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ БАС ҒЫЛЫМИ САРАПШЫСЫ:

Армения кішкентай ғана мемлекет болғанна қарамастан, Түркияны Әзірбайжанмен, Әжірбайжанды Каспий арқылы Қазақстанмен, Орталық Қазақстанмен байланыстыратын бірден-бір маңызды, геосаяси нүктеде орналасқан. Көлік торабында тұрған осы Армениямен жұмыс істеу өте маңызды болып тұр.

Биыл Қазақстанда Арменияның мәдениет күндері өтеді. Осы шараның негізінде Астананың бір көшесіне армян әліпбиінің негізін қалаушы, әулие Месроп Маштоцтың аты беріледі. Ал Ереван көшесінің бірі ұлы Абайдың есімімен аталмақ.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз алдағы уақытта да бірлесе жұмыс істеуге, бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту үдерісіне белсене атсалысуға келістік. Біз Армения мен Әзербайжанның бейбітшілік шартын жасауға ұмтылысын толық құптаймыз. Құрметті Премьер-министр мырза жаңа ғана айтқандай, Қазақстан барынша қолдау көрсетіп, ізгі қызметтер миссиясын қолға алуға дайын.

Сапар барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Армения Президентімен кездесті. Қазір елде Армения үлесіне тиесілі 400-ден аса компания бар. Онда 100-ге жуық қазақстандық ісін дөңгелетіп отыр. Армения Президенті Мемлекет басшысының Ереванға сапары осы байланысты одан әрі арттырады, - дейді.

Ваагн Хачатурян, АРМЕНИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:

Сіздің сапарыңыз Қазақстан мен Армения арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға және нығайтуға ықпал ететініне сенімдімін. Бізді ортақ тарих пен қазіргі қарым-қатынастар байланыстырады. Қазіргідей күрделі кезеңде өзара ынтымақтастықты дамытып жатырмыз.

Былтыр екі ел арасында 43 млн доллардың саудасы болған. Оны еселеп өсіретін қауқарымыз бар. Ол үшін бірлескен жобалардың санын арттырып, байланысты нығайту маңызды. Кездесу соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Армения мен Әзербайжан арасындағы қатынасты тезірек реттеуге шақырды.