Мына бір прецедент туралы айтқым келеді. Алматылық кәсіпкерСуриям Низамдинова салықшылармен ұзаққа созылған дауды өз пайдасына шешті. Қалалық кәсіпкерлер палатасының баяндауынша, кәсіпкер 2015 жылы мамыр айында мемлекеттік кірістер басқармасынан «сыртқы жарнама ілгеніңіз үшін 40 мың теңге қарызсыз» деген ескертпе алады. Сыртқы жарнама деп отырғаны – кәсіпкердің автомобиль жуатын жеріне іліп қойған «Автомойка» деген тақтайшасы екен. Уақыт өте «қарызын» төлемегені үшін, борыш 539 мың теңгеге жетеді. Кірістер департаменті кәсіпкер «қарызын» өтегенше, автомобиль жуатын жерді пайдалануға шектеу қою туралы шешім шығарады.
Бекежан Құнтаев, Алматы қ. кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:
Біз кәсіпкердің шағымын қаланың кәсіпкерлерді қорғау кеңесіне шығардық. Онда Мәслихат депутаттары, беделді заңгерлер, қадағалаушы орган өкілдері кіреді. Прокуратура бірден тексеруге кірісті. Олар кіріс комитетіне заңсыздықты жою туралы жазды. Оны ешкім терістеген жоқ. Керісінше, кіріс департаменті «қарыз» туралы ескертпесін қайтып алды.
Низамдинова сияқты «мәселесі» шығып, теп-тегіс жерде қалтасы қағылып отырған кәсіпкерлер көп екен. Сондықтан прецедентті басқалары үлгіге алулары керек. «Төлей салу» деген тағы бір «дәстүр» бар ғой, содан құтылмақ керек, жүйкені жұқартатын процесс болса да. Ал негізі, кірістер департаментінің өзі бақыламайды – қай тақтайша жарнама, қай тақтайша кәсіпорынның қызметінің атауы екенін. Оны қарайтын архитектура және қала құрылысы басқармасы. Олай да, бұлай да тартуға болатын «стандарт» па, жоқ әлде, салық төлету жолында барлық әдіс «жақсы» ма? Жоқ, қарапайым сауатсыздық па?.. Не болғанда да «белден басуды» заңмен басу оқиғасы.