Өткенде«Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің отырысында қалардың әуежайлардағы 3 әріптік коды сөз болды. Мәселен, Астана қысқартылып ТСЕ, яғни баяғы Целиноград атауымен қолданылады. Мұндай қателік еліміздің өзге шаһарларының атауында да бар көрінеді. Бұл жайлы ел аралап жүретін, белгілі блогер Өркен Кенжебек айтады.
Өркен Кенжебек, журналист:
Мысалы Ақтау әлі СКО күйінде яғни Шевченко, Атырау әлі ГУФ, Гурьев сонау баяғы, 70 жылдардағы, Астанамыздың өзі ТСЕ яғни Целиноград, Алматы Ала, Алма-Ата күйінде, Тараз ДМБ Джамбул күйінде тұр. Семей әлі Семипалатинск күйінде. Осылайша Қазақстандағы 6 аэропорт әлі күнге дейін кеңестік кезеңдегі аббревиатурамен тұр. Бұл енді менің ойымша 25 жылда түзеуге болатын қателік еді.
-Бұл 3 әріптік кодты халықаралық ұйым беретіні белгілі. Біздің «шіренген» шенеуніктер отыратын орган емес. Дәлел келтіре сұрасаң, шаруаңды шешіп берер еді,- дейді блогер.
Өркен Кенжебек, журналист:
Тіл комитетіндегідер айтты, біз осы сауалды жібергенбіз. Бірақ жауап жоқ,-деді. Яғни, азаматтық авиация комитетінің өзінен жауап жоқ. Соған қарағанда бұлар бұл мәселеге әлде атүсті қарап отыр, әлде мұны мәселе деп санамай ма? Осы жағы өзіме де түсініксіз. Енді олар менің ойымша, бұл мәселеге 20-30 орындағы мәселе сияқты қарайтын сияқты.
Мәселенің мән жайын білмек болып азаматтық авиация комитетіне сауал жаздық. Расымен, бұл кодты халықаралық әуе көлігі ассоциациясы береді екен. Бірақ, атауын өзгертсе де "3 әрпін" түзей алмай жүргендердің тізімінде тек біз ғана емес болып шықтық. Үндістан, Ресей, Қырғыз елінің де сұрауы қанағаттандырылмай келеді. Неліктен?
Тимур Тілегенов, ҚРИДМ Азаматтық авиация комитеті Халықаралық қатынастар және әуе тасымалдары басқармасының бас сарапшысы:
2014 жылы біз ИАТА-ға бірқатар хат жаздық. Олардың ақпаратына сәйкес, бұл 3 әріпті кодтар қалаларға 1 рет тұрақты түрде беріледі. Және оны өзгерту өте көп уақыт алады. Және әуе көлігі индустриясының жүйелеріне өте көп шығын келтіреді.
-Ескі код 3 жерде,-дейді сарапшы. Броньда, билетте және жүк биркасында. Онымен қатар қалаларымыздың қазіргі атауы тұрады. Ішкі әуежайларда және әлемнің барлық аэропорттарының кестелерінде қателік жоқ. Сондай-ақ, дәл осы 3 әріптік код дүниежүзінің барлық әуежайының базасына, терминдік сөздіктеріне енгізілген. Мұның барлығын түгендеу үшін қыруар қаржы кететіні сол. Дегенмен өткен жылдың күз мезгілінде халықаралық ұйымға жаңа хат жазылған.
Тимур Тілегенов, ҚРИДМ Азаматтық авиация комитеті Халықаралық қатынастар және әуе тасымалдары басқармасының бас сарапшысы:
ИАТА-ң жаңа тағайындаған бас сарапшысына хат ресми түрде жібердік. Осындай мәселе болып жатыр. Астана қаласының 3 әріпті аэропорт кодын ауыстыру мүмкіндігін қарастырыңыз деген. Атананы ТСЕ-ден АКЗ-ға деген ұсыныс жібердік. Әлі күнге дейін жауап келіп түскен жоқ. Бірақ, үміттеніп отырмыз.
25 жылда өзгермегенде енді қанша уақыт керек екені белгісіз. Комитеттің өзі де бұл сұраққа нақты жауап бере алмады. Бірақ Целиноград атауынан түпкілікті құтылу керек. Целиноград жоқ... Әрине, біздің елде бұл "3 әріптен" де күрделі, күрмеуі көп дүние аз емес...