$506.21 €568.42 ₽6.3
×

Димаш, жарайсың!

AstanaTV
28.01.2017ж. 20:00
3987
Димаш, жарайсың!

«Тәңір өзі назарына алған әнші». Қытай бұқаралық ақпарат құралдары Димаш Құдайбергенов туралы жарыса жазып жатыр. 22 жастағы әнші аспан асты елінің өнер сүйер қауымын бір ғана әнімен аузына қаратты. «I am a singer» -  «Мен әншімін»байқауына қатысып жатқан жерлесіміз, 14 айналымнан тұратын байқаудың бірінші турында бірінші орын алды. Бірақ байқау өте күрделі. 

Қанат Айтбаев, Димаштың әкесі:

14 рет қайталана отырып, әр қатысқан сайын 8 адамның біреуі шығып қалады. Одан кейін 7 адам қалады, 7 адамның біреуі шығып қалады. 6 адам қалған кезде, жасырын ұстап тұрған халыққа өте танымал өзінің көрермендері бар адамдардың тағы екеуі қосылады, сөйтіп ең алғашқы қатысқан адамдарды тағы да тығырыққа тіреп қоятындай.

Байқауды Қытайдың ең ірі «Hunan TV» телеарнасы көрсетіп жатыр. Ал, қытайлық микроблог «Sina Weibo» әлеуметтік желісінде жазылушыларының саны 35 мыңнан бір сағатта 118 мыңға жеткен. Бір топ қытайлық фанат Димаштың ана тілін түсіну үшін қазақ тілі курсына жазылған. Байқаудың бағалау жүйесі де бірнеше сатылы.

Қанат Айтбаев, Димаштың әкесі:

Халықтың арасында анкета жасай отырып әр түрлі жастағы, ер адамдар бар, әйел адамдар бар, әр түрлі мамандық иелері бар, жас категорияларын айқындап, соған орай музыкадан хабары бар 500 адамды іріктеп залға кіргізеді. Сосын кәсіби музыканттар алқасы отырады. Сосын сайысқа қатысатын 8 адам олар да дауыс береді. Яғни 3 сатылы дауыс беру жүйесі.

Қытайлардың тамсанғаны сонша, Димаштың әніне деген өздерінің реакцияларын әзілдеп түсірген. Ол бейнебаян да интернетті жарды.

Света Айтбаева, Димаштың анасы:

Сол конкурсқа қатысатын күні арнайы біздер енді қазақпыз ғой, бір мал садақамызды шалып, құран оқытып, үйге. Жалпы Димаш қай байқауға қатыспасын біздің отбасымыздағы жазылмаған заң. Осы бірінші турдан өткелі бері ағылған ақ тілектер, телефонға маза жоқ. Кейде алып үлгере алмай қалып жатамыз. 

Музыкалық байқау Чанша қаласында өтіп жатыр. Қытайлар тіпті Димаш сахнаға киген киім үлгісінде киімдер тігіп, сатылымға шығарып үлгерген. Аспан асты елінің халқы музыкаға бейім, құлақтары түрік жүреді, ән мен әншіні мықты талғайтын көрінеді. Оны Қытайдан кеше ғана келген Димаштың әкесі айтып берді. Қытай жаңалық порталдары мен энциклопедиялық сайттарында жас әншінің өмірбаяны толық жарияланған. Әсіресе қытай қыздарының қызығушылығы зор. Димаш қонақ үйден күзетсіз аттап баса алмай қалған. 

Қанат Айтбаев, Димаштың әкесі:

Қыз балалар жағы көбірек келіп, жолын торуылдап жүргендері рас.

Димаштың әкесі болса, «болашақ қазақ келінім осындай болса» деген арманын айтып қалды.

Қанат Айтбаев, Димаштың әкесі:

Болашақ келініміздің инабатты, қазақы мінезді, үлкенді құрметтей алатын, туған туыспен араласатын, сондай кішіпейіл болғанын қалар едік. Енді басы жас қой үйде көрген тәрбиесіне сайкес сондай келін әкелетін шығар деген үмітіміз бар.

Димаштың шын аты Дінмұхаммед. Әжесі түс көріп, Мұхаммед деп қой деген екен. Бірақ пайғамбардың атын ауырсына ма деп, ата-анасы Дінмұхамед Қонаев атасындай болсын деп, сол кісінің атын берген. Оны анасы айтып берді. Света Айтбаева Димаштың бала күнінде алған алғашқы жүлдесі туралы да баяндады.

Света Айтбаева, Димаштың анасы:

«Айналайын» байқауына қатысты Димаш 6 жасында. Фортепиано жанры бойынша ең алғаш содан жүлделі орын алды. 1000 теңге премиясы болды. Соған өзі қатты қуанды. Премиясын қай жерге қоятынын білмей, грамотасын төрге қойып, қатты қуанды. Сол кезде 6 жаста болатын.

-Ең бастысы жеңу емес, 14 кезеңді байқауда қатардан шығып қалмау, -дейді Димаштың әкесі. Сайыстың күрделі екенін еске салып. Ән додасының екінші айналымы бүгін. Жерлесіміз ресейлік әнші Витастың репертуарынан ән орындайды. Әнді әнші өзі таңдамайды. Режиссерлық топ қандай материал берсе, соны орындау керек екен. Димашқа сәттілік тілейміз.

Айтпақшы Алматыдағы нөмірі 7-қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Әнуар Аманов науқастарды жолын тауып, айналдырып, барынша ақша "сығып" алу туралы пәрмен беретін бас дәрігер, қызметінен алынды. Оның 2015 жылы басқа ауруханада бас дәрігер болып жүргенінде ем іздеп келушілерден ақша түсіру жолдарын санамалап, "консультация" беріп отырғанын біреу, бәлкім дәрігер, смартфонға түсірген, бейнежазба осы аптада желіге тараған-ды. Түріне қарасаң, барлығы момақан, сөзін тыңдасаң, адал қызмет қылып жатыр...

"Біздің уақытты" "astanatv.kz" сайтынан оқып, көре аласыздар. Келесі сенбіде жүздескенше!