$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Балық аулауға тыйым салынды

AstanaTV
18.04.2024ж. 18:00
557
Балық аулауға тыйым салынды

Ертіс өңірінің тұщы су айдындарында балық аулауға тыйым салынды. Ал тұзды көлдерде артемия салина шаяндарын жинауға заң бойынша шектеу қойылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мамандардың айтуынша, уақытша шара өзен-көлдердегі балық қорын сақтау мақсатында қолға алынды. Қазір су айдындарында балықтардың уылдырық шашу кезеңі басталды.

"Зайсан-Ертіс" облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Нұржан Қазтайдың айтуынша, табиғат қорғау шарасы кезінде су айдындарында тұрақты мониторинг жүргізіледі. Себебі шектеулерге қарамастан, балыққа қармақ салатын азаматтар баршылық.

Өткен жылы табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 30-ға жуық дерегі тіркелді. Әккі балықшылар су маржандарын аулап, олжалы болғысы келген. Оларға 640 мың теңгенің айыппұлы салынды. Сонымен қатар синтетикалық ау сияқты заңсыз балық аулау құралдары тәркіленді. Ал осы жылдың басынан бері инспекторлар 50-ден астам хаттама толтырып, балықшыларға 1 миллион теңгеге жуық айыппұл салды. Бүгінгі күнге дейін әкімшілік айыппұлдар толық өндірілді, - дейді Нұржан Қазтай.

Су қоймалары мен табиғат қорғаушыларға бекітілген көлдерде мамыр айының соңына дейін торта, табан, алабұға, мөңке және шортан балықтарын аулауға болмайды. Ал Қызыл кітапқа енгізілген сылан және Сібір бекіресін аулуға жыл он екі ай тыйым салынған.

Айта кетейік, өңірде республикалық маңызы бар тоғыз және жергілікті маңыздағы 217 су айдыны бар. Сонымен қатар 60-там астам балық шаруашылық нысаны бар. Олардың барлығы бақылауда болады. Мамандар, сонымен қатар, "Таза су айдындары" акциясы шеңберінде өзен-көлдерде қараусыз қалған ауларды жинаумен айналыспақ. Бұл шараға кез келген тұрғын қатыса алады.