Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Маңғыстауда су тасқыны туралы жалған ақпарат таратқандар жауапқа тартылды

AstanaTV
18.04.2024ж. 19:10
219
Маңғыстауда су тасқыны туралы жалған ақпарат таратқандар жауапқа тартылды

Еліміз бойынша бірқатар өңірлерде су тасқыны салдарынан жағдай әлі де күрделі. Алайда апат аумағынан ресми ақпаратпен қоса жалған және халықты арандатушы ақпарат та тарап жатыр. Осыған байланысты Маңғыстау облысы прокурорының орынбасары Дәурен Медетбеков өңір тұрғындарына ескерту жасады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.

-Барлығымыз көрші өңірлердегі су тасқынына қатысты жағдайға алаңдап отырмыз. Мемлекеттік органдар, әкімдік, еріктілер қолдан келгенше көмек көрсетіп, апаттан келетін залалдың алдын алу үшін жұмыс істеуде. Өңірге 27 мыңға жуық азамат эвакуацияланды, олардың барлығы арнайы орындарға орналастырылды және жергілікті атқарушы орган қолайлы жағдайды қамтамасыз ету үшін барлық іс-шараларды атқаруда. Десе де, бүгінде су тасқынына байланысты түрлі қауесет әңгімелер, әлеуметтік желілерде жалған хабарламалар мен жазбалар жариялануда. Соның ішінде WhatsApp және Telegram мессенджерлерінің чаттарында заңға қайшы келетін жалған ақпарат тарап жатыр , - деп түсіндірді Дәурен Медетбеков.

Маңғыстау облысы прокурорының орынбасары кейбір азаматтар ақпараттың дәйектілігіне көз жеткізбей тұрып, оны тарататынын, бұл төтенше қызметтердің жедел әрекет етуіне және олардың қызметінің тиімділігіне нұқсан келтіретінін атап өтті.

Сондай-ақ ол жалған ақпаратты жариялаған адамды іздеу мен оны жауапқа тарту, атап айтар болсақ жалған ақпарат таратуына түрткі болған нақты себептерді анықтау мен бұл әрекетін заң тұрғысынан түсіндіруге біршама уақыт жұмсалатынын мәлімдеді.

-Заңға сәйкес интернет-пайдаланушы өз жазбасындағы мазмұнның дұрыстығын тексеруге, жалған ақпаратты орналастырмауға және таратпауға міндетті. Бұл талап бұзылған жағдайда 80 мыңнан 370 мың теңгеге дейін айыппұл қарастырылған, - деді спикер.

Маңғыстаудың кейбір тұрғындары жалған ақпарат таратып, жауапқа тартылып үлгерді. Оған бір мысал, Ақтау қаласының тұрғыны Ж. Әйтенов WhatsApp мессенджерінде ағымдағы жылдың 11 сәуірінде Маханбет ауданының Махамбет ауылына (Атырау облысы) жергілікті тұрғындар салған бөгетті қиратуға тырысқан 300-ге жуық әскери қызметші келгені туралы өзіне жіберілген бейнені жариялады. Осы факті бойынша Ақтау қаласы ПБ учаскелік полиция инспекторы Әйтеновке қатысты ҚР ӘҚБтК 456-2-бабы 3-бөлігі бойынша (жалған ақпарат тарату) хаттама жасақтады. Ары қарай, 15 сәуірде Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысымен Ж. Әйтенов әкімшілік жауапкершілікке тартылды. ӘҚБтК-нің 456-бабы-2-бөлігі 3-бөлігі бойынша жауапкершілік және оған 20 АЕК (73840 тг) мөлшерінде айыппұл түрінде жаза тағайындалды.

Дәл осындай айыппұлды Түпқараған ауданының тұрғыны Х.Джұматов төледі. Ол WhatsApp мессенджеріндегі «№1 Облыс «Жарқын болашақ» саяси группасы. Кезектегі процесс: ауызбіршілікте тиімді ӘКІМ/ДЕПУТАТ сайлау» 458 адам тіркелген чатта бүкіл Батысты біріктіруге және шаралар қабылдауға шақырды. Мұнда Джұматов үкімет 50 жылға жерді Қытайға, ал әуежайлар мен аэродромдарды орыстарға сатты деп жазған. Хабарламаның авторы Джұматовқа қатысты бап бойынша хаттама жасақталып, 17 сәуірде Түпқараған аудандық сотының қаулысымен ӘҚБтК 456-2-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

- Қоғамдық тәртіпті бұзу қаупін тудыратын жалған ақпарат тарату қазірдің өзінде қылмыс болып табылады және кінәлі қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы біз бірнеше рет хабарладық, - деп еске салды Дәурен Медетбеков.

Сондай-ақ, спикер блогерлерге ақпаратты жарияламас бұрын заңмен мұқият танысуға кеңес берді.