$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Күндіз көліктің жарығын жақпаған жүргізушілерге енді айыппұл салынбайды

AstanaTV
19.04.2024ж. 00:19
656
Күндіз көліктің жарығын жақпаған жүргізушілерге енді айыппұл салынбайды

Енді күндіз көлігінің жарық шамын қоспаған жүргізушілерге айыппұл салынбайды. Бұл талапты сақтау – міндетті емес, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Дыбыс сигналын пайдалану қағидаларын бұзғандар да жауапқа тартылмайды. Тек ескертумен шектеледі, делінген 31 арна таратқан мәліметте.

Қазір Мәжіліс депутаттары «Жол жүрісі туралы» заңды қарап жатыр. Соның аясында құжатқа бірқатар өзгерістер енгізілмек. Соның бірі осы қала аумағында көліктің жарық шамдарын жағып жүруге қатысты болып отыр. Бұрын бұл ережені сақтамағандар 3 айлық есептік көрсеткіш демек, 11 076 теңге көлемінде айыппұл арқалайтын. Бұдан былай тек ескерту беріледі. Ал трассаға қатысты бұрынғы талаптар өз күшінде қалады.

Депутат Сергей Пономарев әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің жаңа редакциясында денсаулыққа зиян келмеген жол көлік оқиғасы үшін жүргізуші куәлігінен айырылмайтынын айтты. Айтуынша, автотұрақ ақысын төлемегендер де жауапкершіліктен босатылады.

Сонымен қатар, заңға сәйкес, рұқсат етілген жылдамдықты 60 шақырымнан асырған көлік жүргізушілеріне жаза қатаңдатылғалы отыр. Оларға 40 айлық есептік көрсеткіш, демек 147 680 теңге мөлшерінде айыппұл салу көзделген.