Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Астанада Манас ескерткіші ашылды

19.04.2024ж. 20:00
234
Астанада Манас ескерткіші ашылды

Астанада Айкөл Манас ескерткіші салтанатты түрде ашылды. "Мұндай еңселі ескерткіштің бой көтеруі, ең алдымен, қазақ халқының қырғыз ағайынға деген риясыз құрметінің белгісі". Мемлекет басшысы осылай деді. Қырғызстанның ресми делегация мүшелері және екі елдің зиялы қауым өкілдері қатысқан шара жайлы әріптесім Сүндет Оралбек айтсын. 

Мыңжылдық тарихы бар Манас жыры -барша адамзат руханиятында өзіндік орны бар бірегей мұра. Оны тек қырғыз халқының ғана емес, тұтас түркі жұртының баға жетпес қазынасы деуге болады. Әйгілі жырдың заман сынағынан аман өтіп, бүгінгі күнге жетуіне қазақ ғалымдары зор үлес қосқан. Талантты зерттеуші Шоқан Уәлиханов Манас эпосына қызығып, қағаз бетіне түсіріп, ғылыми айналымға енгізсе, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің Манас туралы алғашқы монографиялық еңбек жазғаны қазақ-қырғыз арасында кеңінен мәлім. Мемлекет басшысы екі елдің мәдени мұраларының тамыры бір екенін, қазақ пен қырғыздың әйгілі тұлғалары қай кезде де өзара тілектес, ниеттес болғанын айтты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Екі жыл бұрын Бішкекте ұлы Абайдың ескерткіші ашылғанын білесіздер. Мен сол шараға арнайы барып қатыстым. Мұндай игі бастамалар екі елдің достық байланысын нығайта түсетіні сөзсіз.

Бас қаламызда бой көтерген сәулет туындысы түбі бір түркі жұртының бірлігін көрсетеді. Бұл – Манасқа ғана емес, қазақ пен қырғыздың мәңгілік бауырластығына қойылған ескерткіш. Садыр Жапаров барша қырғыз елінің атынан Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Айкөл Манас ескерткішін ашуға үлес қосқан азаматтарға ризашылығын білдірді.

Садыр Жапаров, ҚЫРҒЫЗСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Айкөл Манас ескерткішінің қазақ жерінде ашылуы екі елдің бауырластығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Бүгін Қырғызстан мен Қазақстан қарым-қатынасындағы тарихи күн. Дүниежүзілік ауыз әдебиетінің ең ұлы туындысы болған Манас эпосын зерттеуде қазақ халқының біртуар тұлғаларының қосқан үлесі зор екенін айту – тарихи әділеттілік.

Елімізде Манас есімді 6000-нан астам адам бар. Мұның өзі -ұлы тұлғаға, тарихи эпосқа деген зор құрметтің белгісі.