Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Ақтауда эвакуациялық орталықтар саны үш есеге азайды

AstanaTV
20.04.2024ж. 07:23
265
Ақтауда эвакуациялық орталықтар саны үш есеге азайды

Атырау облысының Жылыой ауданындағы су тасқыны кезінде Маңғыстауға эвакуациланған адамдардың үш бір бөлігі үйлеріне оралды.

Қазіргі уақытта Маңғыстау облысында эвакуациялық пунттегі адамдар саны азайғаны байқалып отыр.

Ақтау қаласы әкімі аппаратының Төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс жөніндегі бас инспекторының мәліметі бойынша, су тасқыны басталғанда облыс орталығында 24 эвакуациялық пункт ұйымдастырылған.

«Ең көп есептік көрсеткіш бойынша 10 сәуірде 1756 адам орналасты. Қазіргі таңда тек 7 эвакуациялық пунктте адамдар уақытша тұрып жатыр. Олардың саны 878 адамды құрайды. Жақын туысқандарының үйлеріне немесе өздері орналасқандар саны 224 адамды құрайды», — деді қалалық әкімдік аппаратының төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс жөніндегі бас инспекторы.

Ал Бейнеу ауданында Құлсарыдан эвакуацияланған 18 мыңға жуық адам бар. Бұл туралы аудан әкімдігінің өкілі мәлімдеді.

«Боранқұл ауылында 4 эвопункт бар. «Орда», «Керуен» кэмпингтері, «Нобилис» ЖШС жатақханасы мен «Мөлдір» кафесінде 55 адам уақытша қоныстанған. Бейнеу ауылында «ҚазАвтоЖол» АҚ-ның жатақханасы, «Арай» қонақүйі, «Элит» кафесі, «Ақсалим» сауда орталығы, «Айби» кафесінде жалпы 138 адам бар. Бейнеу ауданы бойынша эвакуацияланған 17 595 адам бар. Эвакуацияланған пунктерге орналасқандардан өзгелері жақын туыстарының үйлеріне орналасқан», - деді аудан әкімдігінің баспасөз қызметіндегілер.

Бүгінде эвакуациялық орталықтағы Атырау облысынан келген тұрғындарға қажетті заттар мен тиісті азық-түлік қорын еріктілер жеткізіп беріп отыр. Бұл орайда облыста еріктілер тобы құрылып, гуманитарлық көмек жинау жолға қойылған. Сонымен қатар, Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығы елеулі үлес қосып отыр.

Сондай-ақ, Маңғыстау облысына су тасқынынан эвакуацияланған тұрғындарға Қырғызстан Республикасынан 2 жүк көлігіне тиелген 40 тонна шамасында гуманитарлық көмек жеткізілді.

«Гуманитарлық көмектің қатарында сары май, ірімшік, айран, қаймақ, шұжық, ұнтақталған сүт өнімдері бар. Олардың барлығы өңіріміздегі эвакуациялық пунктерде жатқан тұрғындарға таратылатын болады», — деп мәлімдеді өңірлік қоғамдық коммуникациялар қызметі.