Қырым
түбегінің демалыс орындарына бармаған дұрыс. Сыртқы істер министрі Ерлан
Ыдырысов қазақстандықтарға осындай кеңес берді. Ол, Ресей мен Украина аймақтық
сұраққа нүкте қоймайынша, жазғы демалысты өзге курорттарда өткізген жөн дейді.
Ведомство басшысы Қазақстан екі тарап арасындағы ақпараттық бәсекелестік
нысанына айналғанын айтады.
Ерлан
Ыдырысов, ҚР Сыртқы істер министрі:
Екі
бауырлас мемлекеттің позициялары қарама-қайшы. Азаматтарымыз өздері таңдау
жасауға құқылы. Бірақ жазғы демалыстарын өзге географиялық нүктелерде
өткізгендері абзал шығар. Алайда, Қырымға барамыз деген нық жоспарлары бар
болса, келеңсіздіктерге тап болмас үшін екі тараптың позицияларын ескергендері
дұрыс. Бір жағынан Ресей Қырым түбегінде туристік жұмақ орнатқандарын жариялап
жатыр. Ал, Украина түбекке Ресей жағынан кіру саяси ұстанымдарына кереғар деп
ескертті. Осындай жағдайда қандай да бір кеңес беру оңай емес. Қырым тағдыры - күрмеуі қиын халықаралық мәселелердің бірі екені белгілі. Оны Қазақстан
шешпейді.
Естеріңізде
болса, Украинаның Қазақстандағы елшілігі: «Қырым түбегіне
жолдама сатқан туроператорлар жауапқа тартылады», -
деп мәлімет таратты. Ресми сайтында "Қазақстан туркомпаниялары Қырымға
туристік жолдама сату арқылы, терроризмді қаржыландырып отыр" деп
жариялаған. Ал отандық туризм қауымдастығының басшылары туризм мен саясатты
араластырмау керектігін айтып, Қырым қай елдің аумағында тұрса да,
қазақстандықтар онда демалудан бас тартпайтынын мәлімдеді.
Ләйлә ҚАЗИАҚПАРОВА