Қарағанды облысындағы 161 елді-мекенді су басып, 40 мыңдай адам жапа шегуі мүмкін. Осылай деген жергілікті басқару орындары мен төтенше жағдай қызметкерлері апаттың алдын алу шараларын бастап кетті. Тасқынға қарсы іс-қимылдар бүгін «Көктем» штабтық оқу-жаттығуында тексерілді. Жағдай әсіресе, өзендер мен суқойма маңайында орналасқан ауылдарда күрделі. Осыдан қауіптенген құтқарушылар мен жергілікті мекемелер мамандары ең алдымен Соқыр, Нұра өзендерінің су арналарын тазалап, жағаларын бекітті. Апатты көпірлерді оқшаулады. Бүгін ең ірі Самарқант тоғанының қақпасын ашып, суды біртіндеп жібере бастады. Мұндай тәжірибелік жаттығулар аймақтың барлық аудандарында өтпек. Сондай-ақ, мамандар облыста қараусыз қалған 50-ге жуық суқойманы бақылауда ұстап отыр. Өйткені, қардың көп мөлшері дәл осы бөгеттерге жиналған.
Мұрат Қатпанов, Қарағанды облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы:
Күннің жылуына байланысты бүкіл қар, қардың көбі еріп кеткен болатын. Екі жағдай болды. Бірақ, олар қатты қауіп төндірген жоқ елді мекендерге. Ол жолдың үстінен бір -екі жерде су өткен болатын. Бірақ қазір қалыпты жағдай.
А.ҚУАШ