Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Интернет алаяқтар 2 сағатта құрықталады

23.04.2024ж. 20:00
118
Интернет алаяқтар 2 сағатта құрықталады

Енді 2 сағатта кибер қылмыскерлердің жолы кесіледі. Жердің қай түбінде отырса да құрықталады. Прокуратура мен полиция, банк қызметкерлері бірлесіп жоба әзірледі. Ол қашан, қалай іске асады? Әріптесім Сүндет Оралбек біліп келді.

Сүндет ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:

-Бұл Елдос Ақжолұлы ма екен?
-Иә.
-Сіз несие алуға өтініш тастадыңыз ба?
-Жоқ.
-Сіздің банк шотыңыз арқылы алаяқтар несие алмақ. Қазір сіздің номеріңізге 4цифрлы хабарлама барады. Сол кодты айтып жіберіңіз.

Осындай әдіспен алаяқтар күніне мыңдаған адамға хабарласады. Қырық өтірік құрастырып, құрығына түсіруге тырысады. Сенгендер құпия кодты айтады. Артынан бармақ тістеп қалады. Жыл басынан бері кибер қылмыскерлер осыған ұқсас 30 шақты айламен мың төрт жүзден астам адамды алдаған. Жалпы соммасы 1млрд теңгеден астам қаржыны алып, сазға отырған.

Айымда алданып, сан соқты. Белгісіз номерден оған қоңырау шалған. Өзін банк қызметкерімін деп таныстырған. Алаяқтардан қорғаймыз деп қармаққа түсіріпті. Алданғанын атына несие рәсімделгенде білген.

Айым, ЖӘБІРЛЕНУШІ:

Мен сеніп 4 цифрды айттым. Бірақ кейіннен қарасам каспий шотымнан 700 мың теңге көлемінде кредит алынған екен.

Айым секілді алданып қалатындар аз емес. Басым көпшілігі полицияға хабарласады. Бірақ қылмыс тез арада ашылмайды.

Айдар ҚОНЫСБЕК, ҚАЛАЛЫҚ КРИМИНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ АЛАЯҚТЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС БӨЛІМІНІҢ ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ:

2023 жылы 4600-ден астам қылмыстық іс тіркеліп, оның 860-ы ашылған болатын. Барлық халық көп жиналатын орындарда аудио, видео трансляциялар жүргізіледі профилактика бойынша. Банкоматтарда ақша салып жатқан кезде біздің қызметкерлер не үшін ақша салып жатқанын сұрайды. Сондай іс шаралар жүргізіліп жатыр.

Негізі жәбірленуші полицияға шағым түсіргеннен кейін 3 күнмен 15 күннің арасында процесс жүреді. Адамдарды арбауына түсіргендердің тек 30 проценті ғана ұсталады. Өйткені, алаяқтардың көбі шетелде отырады. Сол себептен кибер қылмыскерлерді құрықтау оңайға соқпайды.

Сүндет ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:

Желіде жымысқы әрекетін жүзеге асырып, жымыйып отыратындардың дәурені тоқтайды. Жердің қай түкпірінде бүркеніп отырсаң да айлаңды жүзеге асыра алмайсың. Құрыққа ілінбейтін киберлерге тосқауыл қоюдың жолы табылды. Бар болғаны екі сағатта қылмысын әшкерелей алады.

Прокуратура мен полиция және банктер бірлесіп жұмыс істемек. Олар "Анти-Фрод орталығын" құрды. Тәртіп сақшыларына алаяқтық туралы шағым түсісімен, прокурорлар дереу банк шоттарын бұғаттауға өтінім береді. Сол кезде банк қылмыскер жайлы деректер жинайды. Тіпті шетелде отырып, айласын асырғысы келгендердің де жолы кесіледі.

Нұржан ТҰРЫСБЕКОВ, ҚАЛАЛЫҚ ПРОКУРАТУРА БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

Біздің ойымызша бұл жоба өте тиімді болады. Себебі, бұған дейін мұндай шаралар қабылданбаған. Анти-Фрод жеделдігімен ерекшеленеді. 102-ге шағым түсісімен прокаратура банктерге сұрау хабарламасын жібереді. Полицейлер де барлық банктердің қызметкерлері бір орталықта отырған соң барлық мәселе тез арада шешіледі.

Әзірше жоба 3 ай пилоттық режимде жұмыс істейді. Оң нәтиже көрсетсе еліміздің барлық аймағында іске асады.