Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Қарғын судан зардап шеккен тұрғындарға шығындарына сай өтемақы төленеді

23.04.2024ж. 20:00
216
Қарғын судан зардап шеккен тұрғындарға шығындарына сай өтемақы төленеді

Қарғын судан зардап шеккен тұрғындарға қосымша өтемақы төленеді. Қаржыны тұрмыстық техника, киім-кешек және басқа да қажетті заттар алуға жұмсауға болады. Бұл туралы үкімет отырысында Олжас Бектенов айтты. Ол кәсіпкерлердің де шығыны өтеледі деді. Тасқын судан зардап шеккендерге тағы қандай көмек көрсетіледі? Үкімет отырысын тыңдап қайтқан әріптесім Бекболат Сатуов баяндайды.

Тасқын салдарынан 5 мыңнан астам тұрғын үй, 16 мыңнан астам саяжай, бір мың аула аумағымен 91 ғимарат су астында қалған. Қазірдің өзінде үйлерді қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті. Жауапты ведомоства мәселені жедел шешу үшін арнайы механизм дайындаған. Ал, құрылыс жұмыстары барынша қысқа мерзім ішінде, яғни 1,5-2 айда аяқтау жоспарланған. Ол үшін барлық есептеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бауыржан СЫЗДЫҚОВ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Олжас Абайұлы, қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп зардап шеккендердің материалдық шығынын есептеп, төлемін өтеу жүргізілуде. Біз тәулік бойы су қоймаларына мониторинг жүргізудеміз.

Апаттан зардап шеккен 11 мыңға жуық отбасы бұған дейін 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төлем алды. Енді Үкіметтен тағы 150 айлық есептік көрсеткішке дейін қаржы қарастырылып отыр. Түсіну керегі, әр тұрғынның шығыны әртүрлі. Сондықтан, ол азаматтардың жеке шығынына сай есептеледі.

Олжас БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

150 айлық есептік көрсеткішке дейін төлейтін боламыз. Азаматтарға айтатыным сабырлық сақтаңыздар. Ешкім көмексіз қалмайды.

Яғни, бұл 550 мың теңге шамасындағы қаржы. Оған жұрт алдымен үйге қажетті керек-жарағын түгендейді. Бірақ берілетін қаржы зақымданған дүниесіне байланысты болатынын ескеру керек.

Қанат ШАРЛАПАЕВ, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ:

Егер ыдыс-аяқ, жиһаз, қандай да бір техника зардап шеккен болса, мемлекет 150 айлық есептік көрсеткішке дейін бөледі. Бірақ қаржы нақты зардап шеккен нәрсеге байланысты қарастырылады. Біреуге 70 немесе біреуге 60 болуы да мүмкін.

Су басқан өңірлерде ешкім де көмексіз қалмайды. Кәсіпкерлердің де шығындары өтеледі. Тек тасқын сумен күрес әлі де жалғасып жатқанын ескеру керек. Оған 32 мыңнан астам адам, 5 мыңға жуық техника, 310 жүзу құралдары мен 13 тікұшақ жұмылдырылған.

Олжас БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Өңір әкімдіктері су басқан үйлерді, ғимараттар мен нысандарды тез арада техникалық тексеруді аяқтасын. +Өнеркәсіп министрлігі тұрғын үйлерді, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды қалпына келтіру бойынша жергілікті жерлердегі барлық жұмыстарды үйлестіру үшін жедел топ құруы керек.

Сондай-ақ, үкімет басшысы тасқыннан кейінгі тазарту яғни дезинфекциялау және қалпына келтіру жұмыстарын мұқият жүргізуді тапсырды.