Ақтөбе облысында қызметкерлері
жаппай қысқарту мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Облыс әкімдігінің дерегінше, өткен жылы мұнай өңдеу саласындағы қытайлық «Ұлы қабырға» компаниясынан 500-ге
жуық адам қысқартылған. Бұл істің барысында шетелдік және қазақстандық
жұмысшылардың ара қатынасы сақталмағаны белгілі болды. Қысқартуға ұшыраған
мұнайшылардың жүзге жуығы ғана жұмыспен қамту орталығына келіп, жұмыс сұраған.
Облыста қазір 1257 тұрғын жұмыспен қамту
бөліміне тіркелген.
Гүлсім Ашмұхамбетова, облыстық
жұмыспен қамтуды үйлестіру және
әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:
«Олардың 92-сі ғана жұмыспен
қамту орталығына келіп, тіркелді. Қалғандары өз бетімен жұмысқа тұрды,
өздерінің кәсіптерін ашты. Біздерге өтініш білдірген жоқ. Көбі ақылы қоғамдық
жұмысқа, әлеуметтік жұмыс орындарына барудан бас тартады. Бірақ оларды
бақылауға алып, жұмысқа орналасуларын қадағалайтын боламыз».
Бұған дейін «Ұлы қабырға»
басшысының жылдық есебін тыңдаған облыс әкімі компанияны жабу керектігін
айтқан. Өңірде мұнай өндірумен айналысатын
«СNPC-Ақтөбемұнайгаздың» да жағдайы мәз емес. Мұнай өндіру көлемі 10
пайызға төмендеген. Жалақы мөлшері 2013 жылдан бері өзгермепті. Соңғы бір
жыл ішінде 168 адам жұмыстан шығарылған. Аталған компанияларға жұмысшыларды әлеуметтік
қамсыздандыру мәселесін бірінші кезекте шешу туралы тапсырма берілді.